Адвокат Андрей Ли мемлекет тапсырысы арқылы дәрі-дәрмек сатып алуға қатысты сот процесі жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Андрей Лидің айтуынша, мемлекеттік сатып алуға екі компания – отандық және шетелдік өндіруші қатысқан. Байқау нәтижесінде жеңімпаз деп қазақстандық компания танылған.
– Шетелдік компания байқау рәсіміне қатысты бәріне шағымданды. Яғни сатып алу дұрыс жүргізілмеді, процедура күмән туғызады дегендей. Ең қызығы, соңғы бес жыл бойы дәл осы шетелдік компания осындай сатып алуларда жеңіп келген. Сол кезде ештеңе күмәнді болмаған, бәрі көңілдерінен шығып тұрған, – деді Андрей Ли.
Оның сөзінше, шетелдік компания бұл жолы дәріге мұқтаж адамдарға арналған жеткізілімді тоқтатуға тырысқан.
– Бірінші сатыдағы сотта олар сатып алу шартының күшін жоюды талап етті. Бұл – дәрі-дәрмек жеткізілімін іс жүзінде «бұғаттау» әрекеті болды. Абырой болғанда, ол жүзеге аспады. Біз бірінші сатыда жеңіп шыққаннан кейін, шетелдік компания апелляцияға берді. Қуантатыны – қалалық сот алғашқы шешімді өзгерткен жоқ, оны күшінде қалдырды, – деп мәлімдеді Ли.
Адвокаттың айтуынша, сот шешімі әлі күшіне енбеген және істің кассациялық тәртіппен қайта қаралуы әбден мүмкін.
Қай дәрі-дәрмек туралы сөз болғаны әзірге нақты айтылмады.