×
510.59
578.91
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.59
578.91
6.37

Лопес Алматыда да концерт өткізеді: жанкүйерлері бұған неге ашуланды

Бүгін, 08:06
Лопес Алматыда да концерт өткізеді: жанкүйерлері бұған неге ашуланды
Ашық дереккөзден

Америкалық әнші Дженнифер Лопестің Алматыда екінші концерт өткізетіні туралы хабарлама қазақстандықтардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Америкалық әнші Дженнифер Лопестің 2025 жылдың 10 тамызында Алматыда өтетін қосымша концерті туралы хабарлама ұйымдастырушылардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында 21 мамыр күні жарияланды. Алайда бұл жаңалық көпшілік күткендей қуаныш емес, керісінше сынның қарша борауына себеп болды. Ұйымдастырушылар кәсібилік пен көрерменге деген құрметтен айырылғаны үшін сынға ұшырады.

Бұған дейін Лопестің Қазақстандағы жалғыз концерті 1 тамызда Астанада өтеді деп хабарланған болатын. Осы ресми мәлімдемеден кейін мыңдаған жанкүйер билет сатып алып, әуе билеттері мен елорда қонақүйлерінен орын алып қойған. Көпшілігі бұл шығындарын қайтарып ала алмай қалған. Алматылық аудиторияны ескерместен қосымша концерттің кенеттен жариялануы жанкүйерлер үшін ауыр соққы болды.

Желі қолданушылары ұйымдастырушыларды ашық ақпарат бермеді, көрерменді елемеді деп айыптайды. Пікірлер арасында «Сонда алматылықтардың жартысы Астанаға билет алып, ақшасын бекерге шашты ма?», «Мұндай немқұрайдылық өркениетті елдерде болмайды – барлық концерт күндері алдын ала жарияланады», «Соңғы тиынын билетке жұмсаған адамға деген құрмет қайда?» деген секілді наразылықтар көбейген.

Одан бөлек, елордадағы концертке билеттер сатылымға шыққанда туындаған техникалық проблемалар да жұрттың ашуын ұлғайтты. Көптеген қолданушы Ticketon сайтында қосымша ақша алынып кеткенін, таңдалған орындардың жоғалғанын, кейбір төлемдердің жүйеде жоғалып кеткенін айтып шағымданған. Кейбір жанкүйерлер билет үшін толық төлем жасағанымен, билетті қолына ала алмағанын жеткізді.

Ең көп ашу тудырғаны — ұйымдастырушылар Алматыдағы концерт жайлы ақпаратты тек Астанадағы концертке деген сұраныс шарықтаған соң барып жариялағаны. Жанкүйерлердің кейбірі елордада шоуға бара алмай қалам ба деп қорқып, тіпті Лопестің шетелдегі концерттеріне, соның ішінде БАӘ-дегі қойылымына да билет алып қойған.

Серіктес жаңалықтары