×
510.59
578.91
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.59
578.91
6.37

"Олар бостандықта жүр": жұмбақ жағдайда мерт болған Ақнәрдің анасы президенттен көмек сұрады

"Олар бостандықта жүр": жұмбақ жағдайда мерт болған Ақнәрдің анасы президенттен көмек сұрады
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы жұмбақ жағдайда қайтыс болған КИМЭП университетінің марқұм түлегі Ақнәр Гүлстанның анасы Гүлстан Қамит президентке үндеу жасап, көмек сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮНДЕУ

Гүлстан Қамит қызының өліміне кінәлі адамдарға қатысты дәлел бола тұра, олар қамауға алынбағанын айтады. 

Құрметті президент мырза, мен Гүлстан Қамит сізге қарапайым ана, қайғыдан қан жұтқан әйел ретінде жүгініп отырмын. Мен 2024 жылдың 20 шілдесінде Алматы қаласында жұмбақ жағдайда қаза тапқан Ақнәр есімді қыздың анасымын. Қызым бес тілде еркін сөйлейтін, КИМЭП университетінің түлегі. Арманы асқақ, болашағынан зор үміт күттіретін жарынды жас еді. Ол жетінші қабаттан құлап, көз жұмды. Бірақ дәлелдер мен видеоматериалдар оның бұл қадамға өз еркімен бармағанын анық көрсетеді. Денесінде азаптаудың ауыр іздері болды. Телефонынан табылған видеоларда қызымды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәттер бейнеленген. Қауіпсіздік камераларынан алынған жазбаларда оны терезеден лақтырып жібергені анық көрінеді. Бұл оқиғадан кейін қызымның барлық мүлкі, ақшасы, заттары, тіпті киімдері де жоқ болып шықты. Оның жанында болған екі қыз Қытай халық республикасының азаматтары. Олардың осы қылмысқа тікелей қатысы болуы мүмкін. Соған қарамастан олар бостандықта жүр. Бірі тіпті елден шығып, қайта оралды. Енді бірі 2025 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан республикасының азаматтығын алды. Тергеп-тексеру амалдарын жүргізу барысында ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, дейді анасы. 

ТЕРГЕУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ӘРЕКЕТСІЗДІГІ

Оның сөзінше, Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен өзіне өзі қол жұмсауға итермелеу деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отыр.

Қаншама дәлел мен куәлік бола тұра істің бағыты өзгертілмей, күдіктілер жауапқа тартылмай келеді. Құрметті президент мырза, сізден аналық жүрекпен, қайғыдан қан жылаған жанайқайыммен әділдік іздеген азамат ретінде өтініп сұраймын, дейді Гүлстан Қамит. 

БІРНЕШЕ ӨТІНІШ

Ақнәрдің анасы үндеуінде президентке бірнеше өтініш жасады. 

Біріншіден, Ақнәр ісі бойынша тергеуді қылмыстық кодекстің 99 және 121-баптары бойынша қайта саралау туралы нұсқау беруіңізді, екіншіден, Алматыдағы тергеу органдарына сенімсіздік білдіре отырып, істі Астана қаласынан арнайы тергеу тобының бақылауына тапсыруыңызды сұраймын. Үшіншіден, қызымның өліміне қатысы бар күдікті тұлғаларды қамауға алуға және әділ тергеу жүргізуге ықпал етуіңізді сұраймын. Құрметті президент мырза, өзіңіз айтқандай елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды деген сөзіңізге толық сенемін. Енді осы сөздер нақты іспен дәлелденеді деп үміт артып отырмын. Тек қызым үшін емес, барлық ана мен болашақ ұрпақ үшін әділет сұрап отырмын, дейді Гүлстан Қамит. 

АҚНӘРДІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

2024 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы студент Ақнәр Гүлстан көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған. Тергеу бұл оқиғаны бастапқыда “суицид” ретінде тіркеген. Алайда марқұмның туыстары Ақнәрдың өліміне дейін қатыгездікпен азапталғанын және оны терезеден көршілері лақтырып жібергеніне сенімді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Ақнәр Гүлстанның туыстары оның өліміне байланысты әділдікке жете алмай жүргенін айтып, БАҚ өкілдерін жинап, маңызды сұрақтарға жауап берген болатын. Ulysmedia.kz тілшісі бұл істің жай-жапсарын жақындарының өз аузынан естіп келген еді. 

Серіктес жаңалықтары