×
510.59
578.91
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.59
578.91
6.37

Этикаға сай ма: Қызылордада «көпірді Көшербаев салдырған» деген «жарнама» ел ішінде сұрақ туғызды

Бүгін, 14:54
Этикаға сай ма: Қызылордада «көпірді Көшербаев салдырған» деген «жарнама» ел ішінде сұрақ туғызды
Ұлысмедиа коллажы

Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласының тұрғындары атынан облыстық «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысы әкімі мен прокурорына наразылығын жеткізді. Олар Қазалы ауданында Әлсейіт көпіріне «Бұл көпірді салдырған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев» деген жарнама ілдіріп қойғаны заңды ма деп сұрақ қояды.

ҰЙЫМ НЕ ДЕЙДІ

«Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігі Қазалыдан бөлек, Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағына өтетін көпірге «Бұл көпірді 2016 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев салдырған деп екі тілде мәрмәр тасқа жазып қойғанын да атап өтеді. “Онда ондаған миллиард қаржыға салынып, іске аспай қалған, Сырдария мен Қазалыдағы бордақылау алаңы, Жалағаш пен Шиелідегі мия зауыттарының құрылыстарына неге атын көрсетіп ілмеске?” деп мәселе көтереді олар.

Мемлекеттік ғимараттарға тақтайша қоюға аудан, облыстың арнайы шешімі бар ма? Бұрын соңды мұндай жағдайды көрмеген бізге түсінбеушілік тудырды, бұрыңғы басшылардың кезінде неге тақтайшалар ілінбеген? Әр әкім мемлекет қаржысына салдырған объектіге өздерінің атын жаздырып қойып жатқаны Заңға қайшы емес пе? Өз қаржысы болса түсінуге болар. Ал елге қажетті құрылыстарды салдыру міндеті емес пе? – деп қоңырау шалған уәждерін сіздерге жеткізуді жөн көрдік. Кезінде Тасбөгет платинасын, Асқар Тоқмағанбетов театрын Сужиков, Қармақшыдағы көпірді Бектұрғанов, Жалағаш пен Жаңақорғандағы көпірлерді Әбдікәрімов, Бекежанов театрын, Аэропортты сыртқа салдырған Әуелбеков, облыстық Диагностика, медицина (ОМЦ) орталықтарын салдырған Шаухаманов, Қызылорданың батысындағы көпірді Сапарбаев және т.с.с. жазулар жазылған тақтайша ілдірген біреуі болған емес. Себебі олар өздерінің тікелей міндеті мен парыздары екені білді, – делінген ұйымның жазбасында.

Ардагерлер бірлестігі мемлекет есебінен салынған құрылыстарды иемдену мемлекеттік қызметкердің этикалық деңгейіне көлеңке түсіретін әрекет деп бағаланса, екіншіден өзін жарнамалау деп қабылданатыны сөзсіз деп есептейді.

Ұйым Сыр өңірінің жанашыр азаматтары мен бірнеше бизнес өкілдері жеке қаражаттарына әуежайдан бастап ондаған әлеуметтік ғимараттарды салдырғанымен бірде біреуі аттарын жазып, әдептік сақтап, көпшілікке жарналамалап жүрген жоқтығына назар аударады.

Сондықтан мемлекет қаржысына салынған ғимараттарға тақтайшалар ілуге арнайы шешім болмаған жағдайларда, ілінген тақтайша жарнамалардың заңдылығын арнайы қарап, келешек мұндай әрекеттерге жол берілмеуін ұсынамыз! Мемлекет, қоғам қайраткерлерімен мемлекеттік қызметкерлердің, барлық деңгейдегі депутаттардың әдеп, сыпайылықты, қарапайымдылықты сақтап, өздерін жарнамалаудан аулақ болғандары жарасымды болмақ! – дейді облыстық «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігі

КӨПІР ЖАЙЛЫ

Аталған жазбаға арқау болған Қазалыдағы Әлсейіт көпірі 2019 жылы қолданысқа берілген. Қазалы ауданының 7 ауылы мен көр­шілес Арал ауданына қарасты алты ауылда тұратын 20 мыңға жуық тұрғын осы кө­пірді ұзақ жыл күткен. Облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бо­йынша салынған көпірдің жалпы ұзындығы 219 метр, 2 жолақты, ені 12 метр. Көпірдің екі жағынан 1,5 метр жаяу жүргіншілер жо­лы қарастырылған. Жалпы құ­ны 2,7 млрд теңге болатын көпірдің құры­лысын «КА-Строй ЛТД» ЖШС жүргізген.

Ulysmedia.kz тілшісі Қызылорда облысы әкімдігіне хабарласып, осы мәселе жөнінде үш сұрақ жолдады. 

  • Ардагерлер ұйымының осы сауалына облыс әкімдігі ресми жауап берді ме?
  • Әлсейіт көпірі мемлекет бюджетіне салынған ба?
  • «Бұл көпірді салдырған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев» деген жазу орынды ма? Ол алынып тасталуы мүмкін бе?

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жауап беруге уәде етті. Алайда материал шыққанша жауап берілген жоқ. Жауап келгенде бірден жарияланады.

Серіктес жаңалықтары