Үкімет шалғайдағы ауылдарды тіршілігін қайта тірілту үшін малды кредитке бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің депутаттарға берген жауабына сүйенсек, билік “Тауарлы кредит” бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 2023-2024 жылдары аралығында 120 миллиард теңге бөлінген. Сол қаржының арқасында 16,6 мыңнан астам шағын несие беріліп, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жұманғариннің сөзіне қарағанда, бағдарлама жай ғана табыс табуға емес, ауыл шаруашылығындағы бірлестіктерді дамытуға да басымдық береді.
Ауыл халқының табысын арттырудан бөлек, бұл бағдарлама шаруа қожалықтары мен фермерлерді, өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін кооперативтерді дамытуға бағытталған. Қазірдің өзінде 600-ге жуық кооператив құрылды. Оның 561-і 12,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл ауылдық экономиканың іргесін бекітіп, адамдардың өз ауылынан жұмыс табуына жол ашып отыр, – дейді Жұманғарин.
Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы министрлігі мен еңбек министрлігі бірлесіп арнайы «Тауарлық кредит беру тетігін іске асыру жөніндегі жол картасын» бекіткен. Соған сәйкес, әр облыстағы әкімдікке қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бұл үдерістің негізгі үйлестірушісі әрі операторы ретінде бекітілген.
Жол картасына сай тауарлық кредит ақшалай берілмейді. Оның орнына жеке қосалқы шаруашылықтарға, кепілсіз жүрген әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, шағын кәсіпкерлерге ірі қара, ұсақ мал, тұқым, көшет, жабдықтар сияқты нақты өндірістік ресурс түрінде ұсынылады. Бұл – қағаз жүзінде қалып қоятын жеңілдіктер емес, ауыл тұрғынының қолына бірден ұстайтын нақты көмек деп есептейді үкімет. Жұманғарин бұл механизмнің ешбір бюджет шығынынсыз іске асырылып жатқанын атап өтті.
Тауарлық кредит тәсіліне мемлекеттен қосымша қаржы бөлінбейді. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске асырылады. Яғни ірі кәсіпорындар малды немесе басқа да ресурстарды ауыл тұрғындарына уақытша тегін береді, кейін сол өніммен немесе белгілі бір мөлшерде қайтарылады. Бұл – қаржы институттарына тәуелді болмай, жергілікті дамуға серпін берудің жаңа жолы, – дейді вице-премьер.
Облыстардан жиналған деректерге сүйенген Жұманғарин ауыл тұрғындарына 309 жылқы, 6 түйе, 3 261 ірі қара және 4 700-ден астам ұсақ мал тауарлы кредит ретінде үлестірілгенін хабарлайды. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер мен операторлар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мал алған тұрғындарды оқытып, өндіріс процесін сертификаттауға дейін сүйемелдеп отыр. Форс-мажор жағдайында екі тарап – несие беруші мен алушы шығынға батпас үшін арнайы сақтандыру механизмдері де енгізілгелі жатыр.