Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы жалғасып жатыр. Істі Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«МЫЛТЫҚТЫ НҰРҚИЯСТЫҢ ҚОЛЫНАН КӨРДІМ»
23 мамырдағы сот отырысында Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың беттестіру видеосы көрсетілді. Бейнежазбада Ғайыпбаев мылтықты Нұрқиястың қолынан көрдім деді.
[Мылтықтың] бір рет атылғанын естідім. Кімнің атқанын көрген жоқпын. [Мылтық] Нұрқиястың қолында болды, – деді Ғайыпбаев видеода.
«МЫЛТЫҒЫН ТАРТЫП АЛЫП, НҰРҚАНАТТЫҢ ӨЗІН ҰРДЫМ»
Нұрқияс Ілиясов онымен келіспейді. Ол мылтықты керісінше Нұрқанат Ғайыпбаев атты дейді.
Мылтық атылды. Қарасам, мына баланың қолында болды. Оқтап үлгермейтін шығар деп жетіп едім. Тағы оқтап, тағы атты. Қайда атқанын білмеймін. Үшінші рет оқтап алғаннан кейін орнымда қатып қалдым. Сосын екеуі [Шерзат Полат] артқа қарай шегінді. Сол кезде ағаштармен қорғанып-қорғанып бардым атып жібермесін деп. Қайтыс болған бала сол уақытта тізеге құлады. Бұл мылтықты астыға қойды да, ана баланы ұстап жатқан кезде мылтықты астынан жұлып алдым. Нұрқанатты үш-төрт рет желкесінен ұрдым, – деді Ілиясов беттестіруде.
Видеода Нұрқияс Ілиясов Нұрқанат Ғайыпбаевқа «жігітше аттың ғой, мойындасаңшы» деп бірнеше рет айтады. Ғайыпбаев «атқан жоқпын, атқан жоқпын» деп жауап қойырады.
ШЕРЗАТ ПОЛАТ ІСІ
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі 10 сәуірде басталған. 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған. Олардың түрі бұған дейін желіге тарап кеткен еді. Сол үшін сот сотталушылардың бейнесін түсірген операторларды жауапқа тартты.