Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев іске қатысты ілеспе тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қылмыстық іс 29 сәуірде болған оқиғаға байланысты қозғалды. Сол күні жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев көлігіндегі дөңгелегінің екі бұрандасы жоғын байқаған болатын.
“Бүгін қазір ғана сот отырысынан шықтық. Мынаған назар аударыңыздар. Бізге жасалған қастандық па, әлде кездейсоқтық па? Оны құдай білсін. Екі болтын шешіп алыпты. Қазір жолда жүргенде бізге өте қауіп туғызатын жағдай бұл”, - деген еді адвокат.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Бүгін Мейірман Шекеев бұл дерек бойынша Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
- Естеріңізде болса менің көлігімнің бұрандаларын шешіп кеткені бойынша арызданған едік. Бүгін соған қатысты және менің мобилографымды қорқыту әрекетіне байланысты қылмыстық іс тіркелді. Яғни ешкім жазасыз қалмайды деп ойлаймыз, дейді адвокат.
Айта кетейік, бүгін Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы жалғасып жатыр. Істі Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда.