«Қазақфильм» киностудиясы шығарған коммерциялық фильмдердің прокатынан түсетін табыстың 10%-ға дейінгі көлемі студия өндірістік базасының күрделі жөндеуіне арналған арнайы қорға бағытталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл жөнінде киностудия президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, киностудия коммерциялық бағытты дамытуды көздеп отыр, бұл өз кезегінде инфрақұрылымды жаңартуды өзін-өзі қаржыландыру арқылы жүргізуге мүмкіндік береді.
– Прокаттан түскен табыстың 5-тен 10 пайызға дейінгі көлемін ішкі және сыртқы инженерлік желілерді жөндеуге жинайтын боламыз, – деді Омаров.
Сонымен қатар, ол студия аумағында екі қабатты жалға алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін Kinopark Kinoplexx компаниясымен әріптестік орнатылғанын айтты. Омаровтың сөзінше, бұл – жекеменшік әріптестермен ауқымды жұмыстың бастауы ғана.
– Біз Kinopark киностудия аумағына орналасады деп келістік. Бұл – кино түсірілетін де, көрсетілетін де біртұтас экожүйе құруға жасалған алғашқы қадам, – деді ол.
Киностудия басшылығы «Қазақфильмнің» инфрақұрылымы ескіргенін мойындайды, ал мемлекеттік бюджет шектеулі. Сондықтан жекеменшік инвестиция тарту мен қаржылық модельдерді енгізу негізгі бағыт ретінде таңдалған.
– 30 жылда инфрақұрылымның жағдайы мүшкіл күйге жетті. Біз республикалық бюджеттің шектеулі екенін түсінеміз және мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, белсенді түрде инвесторлар іздеудеміз, – деп түсіндірді Омаров.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта киностудияны дамытуға мүдделі бірнеше әлеуетті инвестордан өтінімдер қаралып жатыр.