Алматы полициясы қызметтің күшейтілген режиміне көшірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызмет көрсетудің күшейтілген режиміне соңғы қоңырауға байланысты көшіп отыр.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қаланың 216 жалпы білім беретін мекемесінде шамамен мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылған.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Оқушылардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу үшін ювеналды, патрульдік және қылмыстық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері, сондай-ақ учаскелік инспекторлар тартылды. Балалардың жеке қауіпсіздігіне және мектеп маңындағы, түлектер жүретін бағыттардағы жол қозғалысы ережелерінің сақталуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Ата-аналар мен барлық мерекеге қатысушыларды сақ болуға, ережелерді сақтауға және балаларды қауіпке ұрындырмауға шақырамыз, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Сондай-ақ ол тұрғындар көп жиналатын орындарда — орталық алаңдарда, саябақтар мен скверлерде қосымша полиция жасақтары орналастырылғанын хабарлады.
Еске салайық, 23 мамырда Жаңаөзенде үш көлік жол апатына түскенін хабарлаған едік. Олардың екеуінде мектеп түлектері отырған.