Алматы облысындағы мектептердің бірінің оқушысы сыныптасын өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қайғылы жағдайдың мән-жайы әзірше белгісіз.
— Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің сыныптасы – күдіктіні анықтап, ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ұсталған жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны атап өтілді. Полиция білім басқармасына құзыреті аясында шара қолдану үшін ұсыныс жолдады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экс-полицей әйелін айуандықпен өлтірді деген күдікке ілінгенін хабарлаған едік.
Тергеу барысында жанжал кезінде бұрын ішкі істер органдарында қызмет атқарған ер адам әйеліне бірнеше рет пышақ сұққаны анықталды. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстан кейін күдікті өз-өзіне қол жұмсамақ болып, мойны мен іш тұсынан пышақпен жарақаттаған.