Қазақстан азаматы Диас Жорабеков АҚШ-та білім беру саласында жүрген кәсіпкер саналады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Гарвард төңірегіндегі жағдайға байланысты оқу орнындағы қазіргі жағдайды баяндап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Диас Жорабековтің сөзінше, оқу орнының айналасындағы жасыл алаңда бір ай бұрын көтеріліс болған.
Көтерілістің негізгі мақсаты – осы жердегі студенттер Гарвард әкімшілігінің Израильге көмектесіп жатқанына қарсы болған. Олар ұрандатып, оқу орнының алдына үй тігіп, сонда тұрып, кампустың есігін жауып, полиция күзетіп, сұмдық жағдай болған. “Сол көтеріліске қатысқан барлық студент туралы ақпаратты бізге беріңдер, видеоларын бізге беріңдер” деп Трамп үкіметі биыл қысым жасап жатыр. Гарвард әкімшілігі бұған былай деп жауап қатты: “біз бұл қысыммен келіспейміз, біздің сөз еркіндігі, ой еркіндігі Конституцияда жазылған, құқығымызға қарсы шығып жатырсыңдар” деді. Осылайша Трампқа қарсы шығып, ақпаратты бермей қойды. Бұл осыдан бір ай бұрын болған әңгіме, – дейді Диас.
СОТТАСУ
Трамп оған жауап ретінде гранттарды қысқартып тастаған.
4 миллиард доллардан аса ақша грант ретінде берілуі керек болған екен. Гарвард әкімшілігі “онда сендерді сотқа береміз” деді. Соңында Гарвард жеңіп шықты деп айтуға болады. Себебі Трамп грантты бермей қою деген нәрсені істемейтін болып шешті. Осылайша бір ай бұрын осындай әңгіме болған. Күні кеше Гарвардқа 2025 жылдың күзінде, яғни жаңа оқу жылында келетін шетелдік студенттердің бәріне виза берілмейтіні белгілі болды. Эмиграциялық полиция виза беруді тоқтатады деген жаңалық шықты. Гарвард Трамп үкіметіне қарсы оларды тағы да сотқа берді. Сөйтіп қазір соттасып жатыр. Трамп қойған шектеулер жоғарғы сот уақытша тоқтатып қойды. Гарвард әкімшілігі мен Трамп әкімшілігінің соттасуы басталады, – дейді ол.
ГАРВАРДТА ҚАНША ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТ БАР
Диас Жорабековтің сөзінше, дәл қазір Гарвардта шамамен 7 мыңға жуық шетелдік студент оқып жатыр. Ол жалпы студенттер санының 23 пайызы.
Ол студенттердің де өз визасынан айырылуы немесе жазда өз еліне барып келсе қайтадан кіре алмауы қаупі бар. Студенттердің біразы уайымдап жатыр. Трамп Гарвардтан бастап жатқан себебі студенттердің көтерілісі алып университеттердің кампустарында болған. Сол көтерілістерге қатысқан студенттер туралы Трамп әкімшілігі ақпарат алып, олардың визасын алып, елден шығарып жібергісі келіп жатыр. Оның астарында Израильді қолдау жатыр. Жаңалықтардың астарындағы әңгіме осы, дейді Диас.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 23 мамырда Трамп Гарвардқа шетел студенттерін қабылдауға тыйым салған болатын.