Ресейдің Омбы облысында қазақтар саны бойынша екінші этнос болып саналады. Алайда соңғы жылдары жергілікті қазақ қауымдастығы едәуір демографиялық құлдырауға ұшырап отыр. Бұл үрдіске Украинадағы соғыс та әсер етуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Блогер Сәрігүл Сұлтанқажы Омбы облысындағы қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігін көрсетті. Ол бірнеше елді мекенді аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, Украинадағы соғыстың салдарын өз көзімен көрген.
ХАЛЫҚ САНЫ АЗАЙЫП ЖАТЫР
Блогер барған ауылдардың бірі – Омбы қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Қоянбай ауылы. Мұнда қазіргі таңда шамамен 400 адам қалған. Ақсақалдардың айтуынша, кезінде бұл өңірде 600-ге жуық қазақ ауылы болса, бүгінде олардың саны 40-қа ғана жеткен.
СОҒЫС САЛДАРЫ
Сәрігүл Сұлтанқажы түсірген видеода ауыл зираттарындағы жаңа қабірлерге ерекше назар аударылған. Кейін белгілі болғандай, олардың көбісі – Украинадағы соғыста қаза тапқан қазақтар.
АЙТА КЕТЕЙІК
Ресей Федерациясында өткен соңғы халық санағы бойынша, Омбы облысында шамамен 69 мың этникалық қазақ тұрады. Бұл – аймақтағы саны жағынан екінші ұлт.