×
512.66
580.59
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.66
580.59
6.45

Ақнәрдің жұмбақ өлімі: Марқұмның анасы қысым көріп жатқанын айтты

Ақнәрдің жұмбақ өлімі: Марқұмның анасы қысым көріп жатқанын айтты
ulysmedia коллажы

Былтыр шілдеде Алматыдағы көпқабаттың үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған Ақнәр Гүлстанның анасы Гүлстан Қамит Instagram желісінде полиция тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

«ПОЛИЦИЯ ВИДЕО СҰРАДЫ»

Гүлстан Қамиттің сөзінше, Астананың Алматы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қызының өліміне байланысты видеолардың түпнұсқасын беруді сұрап, бірнеше рет қоңырау шалған. Ол барлық видеоны бергенін айтып, өзін мазаламауды сұраған. Бірақ полиция қызметкерлері қоңырау шалуын тоқтатпаған. Гүлстан Қамит бұны өзіне жасалған қысым деп топшылайды.

Маған өзін Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған азамат маған қоңырау шалып, менде желіде тарап жүрген екі видеоның оригинал нұсқасы бар екенін, осы екі оригинал нұсқаны менен алуға Алматы қалалық полиция департаментіне отырған әріптестері тапсырма беріп жатқанын айтты. Мен ол кісіге әу баста ақ, оқиға болған күні қайғыдан қан жұтып, көкірегім қарс айырылып жүріп, туысқандарыммен бірге оқиға болған жердегі видеоларды және іске қатысты барлық дәйектерді, дәлелдерді, фактілерді түгелімен адвокатым арқылы өтінішхатпен сол кездегі Бостандық аудандық полициясындағы тергеушіге тапсырғанымды айттым. Тергеу амалдары Бостандық аудандық полициясында жүрмей, үш айға созылып, бұл іс Алматы қалалық полиция департаментіне келгеннен кейін де тағы да сол дәйек-дәлелдерді, видеоларды, аудиоларды, барлық іске қатысты материалдарды Алматы қалалық полиция департаментіндегі тергеушінің қолына екі адвокат арқылы өтінішхатпен тапсырғанымды айттым, – дейді ол жарияланған видеода.

Гүлстан Қамиттің заңды өкілі Инга Иманбайдың сөзінше, әзірге полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне байланысты шағым түсірмеген. Бірақ полицияның не себепті видеоларды сұратып жатқаны түсініксіз дейді.

 Қандай видео [қажет] десе, Магнумның видеосы деп айтқан екен. [Гүлстан Қамит] Магнумның 24 сағаттық видеосын да, оның кесілген бір минуттығын да өткіздім дейді. Оның үлкейтілген «Магнум 500 пайыз» дегенді де өткізген. Гүлстан Қамит менен енді не сұрайды? дейді. Жалпы, олар Магнумның видеосын өздері сол жерден тәркілеуі керек еді ғой, – дейді Инга Иманбай.

АҚНӘРДІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

22 жастағы Ақнәр Гүлстан 2024 жылы 20 шілдеде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған. Бастапқыда полиция істі «Өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша қозғаған. Бірақ марқұмның анасы мен туыстары оған қарсы шыққан. Олардың сөзінше, Ақнәрдің денесінде азаптау белгілері болған. Шашы жұлынып, тырнағы сынып, денесінде тістелген іздер табылған. Марқұмның анасы Гүлстан Қамит Ақнәрдің қазасына оқиға болған күні оның жанында болған құрбыларының қатысы бар деп топшылайды.

ҚОРҒАНУҒА ҚҰҚЫЛЫ КУӘЛЕР ЖАУАБЫ

Іс бойынша қорғануға құқылы куә ретінде танылған Дидар Мұқияттың адвокаты Жандос Палманов әлеуметтік желіде тараған видеолар монтаждалған, ешқандай азаптау болмаған деген. 

 Қыздар бұған дейін дәмханада кездесіп, жақсы көңілді күймен үйлеріне қайтып, өздерімен бірге тамақ алып кеткен. Келесі күні олардың өз ішіндегі қытай тіліндегі чатында марқұм Ақнәр бір жерге барып ішімдік ішуді ұсынған. Ол: «Кешегі дәмханадан қалған тамақты алып барамын» дейді. Сөйтіп олар менің клиентім Дидар жалдаған пәтерде жиналады. Сол жерде ішімдік ішіп, қыздар арасындағы мәселелерді талқылай бастайды. Бір кезде Ақнәр Гүлстанның көңіл күйі бұзыла бастағаны байқалады. Ол жылап, шашын жұлып, басын қабырғаға ұрады. Сол кезде менің клиентім де, оның құрбысы да Ақнәрді сабырға шақыра бастайды, – деген Жандос Палманов.

Адвокат сөзінше, сол күні Ақнәрдің көңіл-күйінің бұзылуына жеке өміріндегі оқиғалар себеп болған. Жігіті тастап, басқа қызға кетіп қалған. Ақнәр сол жігітке барып, сөйлесіп, мәселені шешпек болған, бірақ құрбылары оны бұл райынан қайтаруға тырысқан. Куәгер қыздардың айтуынша, Ақнәр терезеден секірген сәтті ешқайсысы көрмеген: біреуі асүйде, екіншісі дәретханада болған.

 

Серіктес жаңалықтары