Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин оқу жылының соңында 11-сынып оқушысын заңсыз оқудан шығарды деген мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айыптауларына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҒДАЙ ПОСТТА ТОЛЫҚ КӨРСЕТІЛМЕГЕН
Жанғозиннің айтуынша, депутат Ирина Смирнова мектептердің біріндегі оқушының оқудан шығарылуына қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Алайда ол жазбада нақты жайттар мен толық контекст көрсетілмеген.
ЕРЕЖЕ БҰЗЫЛДЫ
Өткен аптада оқу тоқсанының қорытынды бақылау жұмысы кезінде 11-сынып оқушысы академиялық адалдық қағидаларын бұзып, емтихан барысында ұялы телефон пайдаланған. Қолданыстағы ішкі тәртіпке сәйкес, емтихан кезінде кез келген қосалқы құралды – шпаргалканы да, электронды құрылғыларды да – қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл талап барлық оқушылар мен ата-аналарға жүйелі түрде түсіндіріліп отырады. Ереже бұзылған соң мұғалім оқушының телефонын белгіленген тәртіпке сай тәркіледі. Алайда оқушы дөрекі мінез танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, өзге оқушылардың көзінше ‘ш...ва’ деген балағат сөз қолданған. Бұл жағдай тіркеліп, оған қатысты тиісті дәлелдер бар», – деді басқарма төрағасы.
Жанғозиннің сөзінше, мұндай әрекет мектеп тәртібіне де, мұғалімге деген құрмет ұстанымына да, жалпы адамгершілік құндылықтарға да мүлде қайшы.
МҰҒАЛІМНІҢ АБЫРОЙЫН ҚОРҒАУ
Аталған оқушының бұған дейін де тәртіптік бұзушылықтарға жол бергенін атап өткен жөн. Біз Зияткерлік мектептерде бүкіл қауымдастық мүшелерінің құқықтарын қорғауға ұмтыламыз. Бұл ретте ұстаздардың құқығын қорғау – біз үшін ерекше маңызға ие. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған “Педагог мәртебесі туралы” заңмен де бекітілген. Мұғалімді құрметтеу – сапалы әрі нәтижелі білім беру үдерісінің негізгі шарты. Сондықтан ар-намысты қорлайтын мұндай өрескел әрекетке бей-жай қарауымыз мүмкін емес. Осыған байланысты мектептің педагогикалық кеңесі шығарған оқушыны оқудан шығару туралы шешім – меніңше, толықтай негізделген әрі заңды. Біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті қорытындылар шығарамыз. Сонымен бірге бұл жағдайға тек мектепті кінәлау – біржақты ұстаным. Бұл – отбасының да, қоғамның да ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз керек. Қазіргі таңда оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі келісілді», – деп түйіндеді Жанғозин.
СМИРНОВАНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жариялаған жазбасында Назарбаев Зияткерлік мектебін оқушының құқығын бұзды деп айыптаған. Оның айтуынша, бұл оқиғаға байланысты қоғам белсенділері мектепті сотқа беруге дайындалып жатыр.
АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ ДЕГЕН НЕ
Академиялық адалдық – бұл білім алу үдерісінде әділдік пен этикалық нормаларды сақтау. Ол өзіндік жұмыстарды орындау, емтихан тапсыру, ғылыми зерттеу жүргізу, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер арасындағы өзара қарым-қатынастағы ашықтық пен жауапкершілікті қамтиды. Сондай-ақ бұл ұғым авторлық құқықты және өзгелердің интеллектуалдық меншігін құрметтеуді де көздейді.
НЗМ БАСШЫСЫМЕН СҰХБАТ
Бұған дейін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен сұхбат жүргізіп, аталған элиталық білім ошақтарының қазіргі жағдайы, тұңғыш президенттің олармен байланысы және алдағы тағдыры жайында сұраған еді.