Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тіркеу, сараптамадан өткізу, баға белгілеу және оларды ұлттық формулярға енгізу енді бір ғана цифрлық платформа арқылы жүзеге асады деген бастамаға бизнес өкілдері қарсы шықты. Бұл жобаны цифрлық даму министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп пилоттық режимде іске қоспақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОБАНЫҢ МАҚСАТЫ НЕ
Жаңа жүйенің авторлары оның артықшылығы ретінде қағазбастылықтан арылу, түрлі ведомстволардың есігін тоздырмай-ақ, дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді тіркеуді бір терезе арқылы 100 жұмыс күні ішінде аяқтауға болатынын алға тартуда.
Алайда, қазіргі заңнама бойынша, тек мемлекеттік тіркеу сараптамасының өзіне 210 күн бөлінеді. Яғни, жаңа жүйе бұл мерзімді екі есе қысқартуды көздеп отыр. Кәсіпкерлер мұны мүмкін емес деп бағалап отыр: мерзімнің қысқаруы есебінен қателерді түзетуге бөлінетін уақыт шектен тыс қысқарып, бұл қызметтің бизнеске пайдасынан гөрі зияны көп болатынын алға тартуда.
Қазірдің өзінде бизнес өкілдеріне қателерді түзетуге небәрі үш күн ғана уақыт берілуде, ал бұл – қолданыстағы заңнамаға қайшы. Мұндай шағымдар “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына түсіп жатыр. Палата өкілдерінің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұл жобаны бизнес қауымдастығымен келіспей жүзеге асыруда.
Бизнес тарапынан қойылып отырған тағы бір сұрақ – бұл пилоттық жоба болса, неліктен қызмет ақылы? Кәсіпкерлер нақты ережелері, қатысушылары, көрсеткіштері (KPI) және жұмыс істейтін цифрлық платформасы анықталмаған жобаға өз қаражатын тәуекелмен жұмсауға дайын емес.
- Егер бұл шынымен де пилоттық жоба болса, онда қызмет неліктен ақылы? Қай кәсіпкер уақытпен де, қаражатпен де тәуекел етіп, осындай тәжірибеге тегін емес түрде қатысқысы келеді?, – дейді ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова.
Осылайша, кәсіпкерлер жаңа бастаманың заңдылығына, тиімділігіне және ашықтығына күмән келтіріп отыр. Министрлік пен бизнес арасындағы бұл қайшылық пилоттық жобаның болашағына да әсер етуі мүмкін.