Көпбалалы отбасының әкесі Алматыдан Ресейге қоныс аударған соң, Қазақстанда тілді негізге алып, құқықтарымыз шектелді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
YouTube желісіндегі "Путь домой" арнасында “Қазақстанда орыстарға өмір сүру мүмкін емес! Балаларын құтқару үшін Ресейге көшкен көпбалалы отбасы” деген атаумен видео жарияланды. Бір сағаттан астам сұхбатта ер адам өз отбасымен Алматыдан Ресейге не себепті көшкенін түсіндіреді. Оның айтуынша, басты себеп — тілдік қысым, білім сапасының төмендігі және өмір сүру деңгейінің нашарлығы болыпты.
– Ол жақта (Қазақстанда) үнемі қысым көрсететін. "Қазақша сөйле" деп қайта-қайта ескерту жасайтын. "Қазақстанда тұрып жатырсың, міндеттісің" деп бетке басатын. ХҚКО-да "Мұнда не іздеп жүрсіңдер? Үйлеріңе қайтыңдар" деген сөздерді естігенде шыдамым таусылды. Оның үстіне балалар бар. Білім жүйесі нашар. Ресейде, тіпті ауыл мектебінің өзінде талап жоғары, берілетін білім көп. Ал Қазақстанда орыс тілі аптасына екі-ақ сағат оқытылды. Қазақстанда біз тек тіршілік еттік, ал Ресейде өмір сүріп жатырмыз. Табыстың жетпегені сонша, азық-түлікті несиеге алатын едік, – дейді ол.
ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл мәлімдемеге жаппай қарсы пікір білдірді. Көптеген адам ер адамды жалған ақпарат таратты деп айыптады. Пікірлерде өзге көшіп кеткен азаматтар да пікір білдіріп, Қазақстандағы қонақжайлықты сағынып жүргендерін жазған. Ал кейбір қолданушылар видеода насихат элементтері барын айтып, мұны Ресейдің ішкі аудиториясы үшін жасалған тапсырыспен түсірілген жоба деп бағалады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, күні кеше "Қазақтардың елі де, жазуы да болмаған" деген Ресей қазағы желі қолданушыларының ашуына тиген болатын.