27 мамыр күні күндіз Nordwind Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing-777 ұшағы Ақтөбе әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Әуе кемесінде 564 жолаушы болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әуежай мәліметінше, бүгін, 27 мамырда сағат 12:40-та Ақтөбе халықаралық әуежайына Nordwind Airlines әуе компаниясының Екатеринбург – Сочи бағыты бойынша ұшқан NWS504 рейсімен келе жатқан Boeing-777 ұшағы шұғыл түрде қонды.
СЕБЕП
Ұшақ борттағы жолаушының жағдайының күрт нашарлағандықтан шұғыл қонуға мәжбүр болған. Ұшақ жерге қонғаннан кейін дереу шұғыл әрекет ету қызметтері мен медицина бригадасы жұмылдырылды.
БІР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ
Алайда барлық қабылданған шараларға қарамастан, жолаушыны аман алып қалу мүмкін болмады. 1983 жылы туған әйел ұшақ Ақтөбеге қонғанға дейін көз жұмғаны белгілі болды.
- Ақтөбе халықаралық әуежайы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Сонымен қатар, ұшақ экипажының кәсіби әрекеті мен жердегі қызметтермен үйлесімді жұмысына алғыс білдіреді, делінген хабарламада.
Оқиғаға байланысты тиісті органдармен белгіленген тәртіп бойынша жұмыс жүргізілуде.