Күні кеше Қазақстан ақбөкендердің далалық популяциясын қалпына келтіру үшін едәуір күш пен қаражат жұмсаған болатын. Алайда енді билік өкілдері бұл нәзік те осал түз тағысы ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, тіпті жалпы адам баласына қатер төндіре бастады деген пікірлерді айта бастады. Дегенмен мәжілістегі арнайы комитет отырысында бұл мәселенің біржақты емес екені де анықталды. Жағдайдың байыбына Ulysmedia.kz тілшісі үңіліп көрді.
27 мамырда мәжіліс ғимаратында аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – киіктердің популяциясына қатысты түйткілдер. Талқылау барысында қызу пікірталастар, сын-ескертпелер мен шағымдар айтылды. Депутаттар мен шенеуніктерден бөлек, жиынға отандық және шетелдік ғалымдар да қатысты.
Отырыс басталғаннан-ақ киіктерге шағым айтылды. Ауыл әкімдері мен аудан шаруашылықтарының өкілдері ақбөкендердің егіс алқаптарын таптап, соның кесірінен астық күйіп кеткенін жеткізді.
Жыл өткен сайын киік мәселесі күрделене түсті. Кейінгі 2-3 жылда облыстың жеті ауданында ақбөкендер шоғырлануы көбейіп барады. 2023 жылы ресми дерек бойынша, олардың саны 1 млн 620 мың болса, 2024 жылы 2 млн 300 мыңға жеткен. Биыл, кей мәліметтерге сүйенсек 4 миллионға жақындады. Бірақ біз бұдан да көп деп есептейміз. Облыстағы бес ауданның халқы негізінен ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысады. Қазір сол өңірлердің шаруалары ақбөкендермен не істерін білмей дал болды, – деді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ақылбек Сағитов.
Оның айтуынша, киік келтірген шығынын өтеу үшін фермерлерге бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінеді.
Отырыста “отты” сөздер де айтылды. Ақмола облысынан келген фермер Ғалымхан Саханов киік мәселесінің аграршыларды кейінгі бес жыл бойы әбігерге салғанын, ал оларға егіс даласында тап болудың өзі қорқынышты екенін айтты.
Тек үш ауданның өзінде ақбөкендер 300 мыңнан астам егістік алқаптан өтіп, миллиардтаған шығын келтірді. Бес күннен бері он көлік пен мотоцикл экипажы оларды алқаптан қуып шығуға тырысып жүр. Адамдар таңнан кешке дейін рөлде. Мыңдаған киікті не көлік, не дауыс белгісі тоқтата алмайды. Оларды көргенде егісте жүрген адамды үрей билейді. Халыққа нан беріп отырған қарапайым еңбеккер қазір мемлекеттік маңызы бар мәселені өзі шешуге мәжбүр. Олар тығырықта тұр, дәрменсіз, – дейді ол.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің сөзі одан да өткір шықты. Ол дәрменсіз шаруалардың жағдайына шын қайғырып, шетін ұсыныс айтты.
Ол мылтығын алып шығып, атып тастауы керек. Қолында нақты нұсқаулық болуға тиіс. (...) Құдай үшін, сол мүйіздер кімнің үйінде жатса да бәрібір. Бірнеше өңірде ауыл шаруашылығы өліп жатыр. Бұл тақырыпты ұмытыңыздар! Біз мүйіздің нақты бағасын бекітуіміз керек, сонда халық өзі-ақ мүйізін әкеліп, ақша алады, етін де қамдап алады, – деді Казанцев.
Мәжіліс депутатының айтуынша, экология министрлігінің есебінде киік санын реттеу шаралары қоғамда туған резонансқа байланысты уақытша тоқтатылған. Бұл жайт Павел Казанцевтің ашуын туғызды. Оның пікірінше, блогерлер мен экобелсенділерді Батыс Қазақстан облысына арнайы экскурсияға апару керек.
Олар блогтарына елді немен асырайтынын жазсын! Бізге бұл жағдайды түсіндіруге бағытталған нақты, агрессивті ақпараттық саясат қажет, – деп мәлімдеді ол.
Ғалымдар да ақбөкендерді ату – орынды шешім болуы мүмкін екенін алға тартты. Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі, ғылым комитетінің өкілі Алексей Грачевтің сөзінше, Қазақстан кейінгі 20 жылда киік популяциясын қалпына келтіруде айтарлықтай жетістікке жеткен.
2003 жылы ақбөкен саны небәрі 21 мың болса, 2024 жылдың көктемінде бұл көрсеткіш 2,8 миллионға жетті. Биыл 4 миллионға дейін өсіп отыр, – деді ол.
Алайда жуырда екі облыс аумағынан 20 мыңнан астам өлі ақбөкен табылған. Бәрі аштықтан қырылған. Ғалымның пайымдауынша, бұл – шектен тыс көбею жағдайында түрді сақтау үшін ату қажеттігін айғақтайды.
Өлген ақбөкендердің қарнынан ұсақ тас, құм мен балшық табылды. Қысқа жетер азық жоқ. Егер Бетпақдала популяциясы 4 миллионға жетсе, ол қыстан аман өте алмайды. Біз экологиялық парадокс алдында тұрмыз: түрді сақтау жолындағы табысымыз керісінше, сол түрдің өзіне қауіп төндіре бастады. Егер тепе-тең шешім табылмаса, жағдай ушығады, – деді Грачев.
Оның айтуынша, Қазақстандағы ақбөкен саны 550–600 мыңнан төмен болмауы керек. Бірақ сонымен қатар, қорғау табыстарын да қатерге тігуге болмайды.
Орнитолог, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Скляренко жүргізілген зерттеулерге сүйене отырып, жайылымдардың тозуына тек киіктер себеп емес екенін айтты. Сауалнамаға Батыс Қазақстан облысынан 100-ден аса фермер мен жергілікті тұрғын қатысқан.
Киікпен байланысты дау-дамай негізінен оның саны артардан бұрын-ақ жайылымдары тозып, су тапшылығы бар аудандарда тіркелген. Ең қатты деградация байқалған аумақтарда ақбөкен мүлде болмаған. Жер ресурстары басқармасының өкілі көп жерде мал басының рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін атап өтті, – деді ол.
Скляренко бұл туралы шенеуніктер ашық айтқысы келмейтінін де меңзеді.
Сауалнамаға қатысқан жергілікті тұрғындардың айтуынша, магистральды инфрақұрылым нысандарының құрылысы салдарынан ақбөкендердің табиғи көші-қоны бұзылған. Соның кесірінен жануарлар бір ғана белгілі аумаққа қайта-қайта келетін болған.
Киік тигізген залалдың нақты үлесі белгісіз. Бұған климаттың ықпалы қандай болғаны да әлі анық емес. Батыс Қазақстан облысында киік санының артуы бұрыннан бар проблемаларды ушықтырды. Бірақ бұл мәселені тек ақбөкендерге қатысты шаралар арқылы ғана шешу мүмкін емес, – деді ғалым.
Сергей Скляренко пайдаланылмай жатқан жайылымдарды тартып алып, оларды ауыл шаруашылығымен айналысатындардың ортақ игілігіне беру керек деген ұсыныс айтты. Оның пікірінше, киік – құнды ресурс, оны халықтың игілігіне жаратуға болады.
Қазақ билігі киік санын бүкіл ел болып қалпына келтіргенін жоққа шығармайтын, сонымен бірге популяцияға зиян келтірмейтін шешімге келе ала ма – оны уақыт көрсетеді. Дегенмен, биыл ақбөкендерді атуға бола ма, болмай ма деген тартыс жаңа қарқынмен өршуі мүмкін екені анық.
Мәселенің түп-төркіні – киікті қорғауды жақтайтын экобелсенділердің популяция есебінің дұрыстығын тексеруге қолы жетпейді. Олардың қолынан келетіні – тек парасатты пайымға жүгіну: киіктер қазіргі Қазақстан аумағында мамонттармен қатар тіршілік еткен, ал адам келгеннен бері олардың саны үнемі құбылып отырады.