×
512.66
580.59
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.66
580.59
6.45

"Менің әйеліме тиісті". Берденовті атқан күдіктінің жұбайы мәлімдеме жасады

"Менің әйеліме тиісті". Берденовті атқан күдіктінің жұбайы мәлімдеме жасады
Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткен күдіктінің әйелі Луиза Алданова мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алданова өткен бір ай отбасы үшін ауыр болғанын, Берденовтің амандығын тілегендерін айтады. 

- Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз, – дейді Луиза. 

КҮЙЕУІ ТУРАЛЫ

Сонымен қатар, ол күйеуі Ернар туралы да сөз қозғады. 

- Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен… Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде, тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін, – дейді күдіктінің әйелі. 

БҰЛ ІСКЕ КҮДІКТІНІҢ ӘЙЕЛІНІҢ ҚАТЫСЫ БАР МА 

Луиза бұл жағдайға өзінің де қатысы бар деген қауесетке пікір білдірді. 

- Сондай-ақ осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық. Баршаңыздың қолдауларыңызға, тілек-ниеттеріңізге рахмет айтамын!, – деп жазды күдіктінің әйелі. 

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Еске салайық, оқиға 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында болды. Руслан Берденовтің оң жақ жамбасы мен иығына оқ тиіп, жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалып, өміріне қауіп жоқ деп бағаланды.

Ulysmedia.kz редакциясының қолына 21 сәуірдегі ресми анықтама түсті, онда былай делінген:

20:30 шамасында, Шымкент қаласы әкімдігі маңында «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің маманы, 1994 жылы туған Жиенбай Ернар Жиенбайұлы 1985 жылы туған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берденов Руслан Арысбекұлына «Сайга-12» қаруымен үш рет оқ атқан. Күдіктінің айтуынша, оған себеп Берденов оның әйелімен (Алданова Л.С. 1995 жылы туған, жұмыссыз) жақындасуға тырысқан. Берденов ауруханаға жеткізіліп, оған «оң жамбас пен иығынан оқ жарақатын алған» деген диагнозы қойылды.

Серіктес жаңалықтары