Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Назарбаев Зияткерлік мектебінің төңірегінде болған дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ҮКІМЕТ ҚҰЗЫРЕТІНДЕГІ МӘСЕЛЕ ЕМЕС”
Аймағамбетовтің сөзінше, біріншіден, бұл жеке мектептің құзыретіндегі мәселе.
- Бұл үкімет құзыретіндегі мәселе емес. Бұл тіпті парламент құзыретіндегі мәселе емес. Оған мектеп өзі шешім қабылдауы керек. Шешімді мектеп қабылдады. Сондықтан біз оны құрметтеуіміз керек және оған бағынуымыз керек, дейді депутат.
ЗАҢ БАР
Екіншіден, депутаттың сөзінше, мұғалімдердің мәртебесі туралы заң бар.
- Осы мұғалімдердің мәртебесін осылай бұзғандар үшін жаза болуы керек. Сондықтан мұғалімдердің мәртебесін бұзған азаматтар үшін, ересек азамат болса да шара қолдану керек деп санаймын. Сонымен қатар, академиялық адалдық ұстанымдарын бұзғаны үшін тіпті университеттерде де өрескел заң бұзылса оқудан шығару бойынша кезінде норманы бекіткенмін. Оны бұйрыққа енгңздік, дейді Асхат Аймағамбетов.
АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ КӨЗҚАРАСЫ
Тағы бір мәселе балаға тиісті психологиялық көмек көрсету.
- Оны орта біліммен жалпы қамтамасыз ету бойынша жалпы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бәрін қамтуымыз керек. Мен біржақты болып кеткен шығармын. Себебі үкіметте осы мәселе бойынша жұмыс істегендіктен осыған қатысты қалыптасқан көзқарасым бар. Мысалы 2020 жылы ҰБТ өткізген кезде менің шешіміммен 2,5 мың баланың нәтижесі жойылды. Онда да түрлі қысым болды. “Балаға кешіріммен қарайық” дегендей түрлі пікір болды. Менің ойымша, мұндай мәселелерде заң мен тәртіп деген қағида бар. Заңға бағыну керек. Балаға да психологиялық көмекті де, орта білім алу бойынша мүмкіндік те беріп отыр. Сондықтан бұл жерде мемлекет құқықбұзушылық істеп отыр деп айта алмаймыз, дейді депутат.
ШЕШІМ
Еске салайық, бұған дейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мұғалімді балағаттаған оқушының ісіне қатысты шешім шыққанын мәлімдеген болатын.
23 мамыр күні Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысы оқудан шығарылды. Бұл шешім педагогикалық кеңесте қабылданған. Себебі жасөспірім емтихан барысында мектеп ережесін бұзып, мұғалімді балағаттаған. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқушы мұғалімге «Ш» әрпінен басталатын былапыт сөз айтқан. Осы оқиғадан кейін тәртіптік шара қолданылып, ол мектептен шығарылған.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Бұған дейін мәселеге қатысты Ұлысмедиа редакциясы бірқатар тәуелсіз сарапшылар пікірін жазған болатын.