Freedom Holding Corp компаниясының иесі, миллиардер Тимур Турлов алаяқ брокерлерге алданғандардың жағдайы жөнінде сұраққа жауап беруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
AIF2025 алаңында Ulysmedia тілшісі қойған сауал Тимур Турловтың ашуын туғызғаны аңғарылды. Одан алаяқ брокерлерге қатысты даулы оқиға жайын сұраған едік. Миллиардер журналистерден «басқа, дұрыс сұрақ қоюды» талап етті.
Бұл – нағыз манипуляция. Олар ешқашан біздің акционеріміз болмаған. Қазір пропогандамен айналысып жүрген адамдар бізге клиенттер де болған емес.
Бұл мәселені зерттеп барып, дұрыс сұрақ қойыңыздар. Әріптестер, бұл дау – азаматтық-құқықтық қатынасқа түскен жеке тұлғалар арасындағы дау. Олар бір-бірімен жұмыс істегеніне қанағаттанбай қалған. Мен бұл жайтты тергейтін тарап емеспін. Компания бұл дауда бірде-бір тарапқа жатпайды. Соның басын ашып алайық. Бұл нақты жеке тұлғалардың арасындағы қарым-қатынас еді, – деді Турлов.
ДАУДЫҢ БАСЫ
Миллиардер Тимур Турловқа тиесілі компанияның еншілес құрылымындағы брокерлік қызметтерге қатысты жанжал барын бұған дейін жазған едік. Зардап шеккендердің айтуынша, «Фридом Финанстың» бірнеше арам пиғылды брокері кемінде 30 қазақстандықты алдап, олардың шоттарынан жалпы сомасы шамамен 2,5 миллиард теңге ұрлап кеткен. Жәбірленушілердің арасында 84 жастағы әже де бар – ол қызметкердің сөзіне сеніп, бар жинағын берген. Олар таяуда Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, мұң-мұқтажын айтқан еді.
Ulysmedia.kz осы мәселеге қатысты бас кеңседен пікір алуға тырысқан. Алайда зейнеткердің жағдайына нақты жауап болмады, ал редакция жолдаған сұрақтарға мүлде түсініктеме берілмеді.