Ресейлік пропаганда Украинадағы уақытша оккупацияланған аумақтарды заңдастыру әрекеттерін тоқтатар емес. Бұл жолы ресейлік насихатшылар Мелитополь қаласына "қазақ өкілін" апарып, өз мақсаттарына пайдалануға тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Кремльге жақын Telegram-арналар Мелитопольге Ресей президенті жанындағы ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңестің мүшесі, Ресей қазақтарының "Федералдық ұлттық-мәдени автономиясы" ұйымының төрағасы Есенғали Ибраевтың барғанын жария етті.
Оны қалада пионер фуражкасын киген балалар, ұлттық киім киген студенттер мен бюджет саласының қызметкерлері қарсы алған. Ресейлік БАҚ Ибраевты Қазақстанның өкілі ретінде көрсетуге тырысып, оны Запорожье облысының уақытша оккупацияланған аумағын "жаңа ресейлік аймақ" деп мойындаған тұлға етіп көрсеткен.
УКРАИНАЛЫҚТАР НЕ ДЕЙДІ
Мелитопольден кетуге мәжбүр болған украиналық журналистер бұл сапарды "кезекті пропагандалық құралдың қолданылуы" деп бағалап, оқырмандарын Ибраевты Қазақстанмен және қазақ халқымен байланыстырмауға шақырды.
– Қысқаша айтқанда, жалған билік Ибраевтың келуін Қазақстанның ресми өкілі келгендей етіп ұйымдастырды. Бірақ ол шын мәнінде – Қазақстанның өкілі емес. Ол – этникалық қазақ қана. Ресей азаматы. Ресейде туып-өскен, сонда білім алған, сонда қызмет етіп жүр. Заңды тұрғыда Қазақстанмен ешқандай байланысы жоқ. Мелитопольге келген адам – Қазақстанның ресми тұлғасы емес, Ресейдің "Федералдық ұлттық-мәдени қазақ автономиясының" өкілі ғана, – деп жазды олар.
ИБРАЕВ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Есенғали Ибраевтың өмірбаяны "Единая Россия" партиясының сайтында жарияланған. Ол Түмен облысындағы партия бөлімшесінің мүшесі. Түменде туған, Ресей Қарулы күштерінде әскери борышын өтеген. Мамандығы – ветеринар және заңгер. 2016 жылы Ресей президенті жанындағы РАНХиГС университетінде "экономика" мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.