Қазақстандық блогер Беларуське қоныс аударғаннан кейін бейнероликтер легін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
TikTok желісінде видеолары 1 миллионға дейін қаралым жинап жүрген Наталья Владимировна (natavladim) есімді қазақстандық блогер Қазақстаннан Беларуське көшкеннен кейінгі өмірі туралы бейнероликтер сериясын жариялады.
Блогер қысқаша болса да Беларусьтегі шетелдіктерге қатысты жағымды әрі жағымсыз тұстарды шолып өткен. Оның айтуынша, тұрақты тұруға рұқсат алғанға дейін елде кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды, сондай-ақ банктер несие беруден бас тартады. Бұдан бөлек, табыс көзінің заңдылығын міндетті түрде дәлелдеп отыру керек.
Үнемі тексеріп отырады. Ал тексермейтін адам жоқ – мектеп те, учаскелік те қарап жүреді, – дейді ол.
«ҚИЯЛҒА БЕРІЛМЕҢІЗДЕР»
Наталья бұл видеоларды Беларуське көшуге ынтық адамдардың «қиялы мен күткен үмітін сейілту» үшін түсіргенін айтады. Жарияланған роликтер мыңдаған пікір жинап, желіде қызу талқыланып жатыр.
Көпшілігі блогердің Беларусьті таңдағанына аң-таң. Пікірлердің бірқатарында керісінше мысалдар келтірілген:
Біз Қазақстанда тұрамыз, ешқайда көшуді жоспарлап отырған жоқпыз, әсіресе Лукашенконың еліне бару ойымызда да жоқ. Айтпақшы, бізде Могилевтен көшіп келген қызметкер бар. Ол Қазақстан мен Беларусьті салыстырып отырып, туған елінің 30 жылға артта қалғанын айтады. Сондықтан артық үміттенбеңіздер. Соғыстан қираған Украина да сендерден озып кеткен, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін жүргізілген сауалнама нәтижесінде әрбір бесінші қазақстандық шетелге қоныс аударуды ойлап жүргені анықталған.