×
509.26
574.75
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.26
574.75
6.46

Санжар Боқаев пен Мұрат Адам Алматы әкімдігін сотқа берді

Санжар Боқаев пен Мұрат Адам Алматы әкімдігін сотқа берді
Ulysmedia.kz коллажы

Адвокат әрі қоғам белсендісі Мұрат Адам өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы әкімдігіне қарсы қозғалған әкімшілік істің сотта қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫЛЫП ОТЫР

Белсенділер 2025 жылғы 24 мамырға жоспарланған митингке рұқсат беруден бас тартуды заңсыз деп тануды талап етіп отыр.

Адвокат Мұрат Адам мен саясаткер Санжар Боқаев Алматы әкімдігінен 24 мамыр күні қалада митинг өткізуге рұқсат сұраған. Шараның мақсаты – қаланың экс-әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап ету еді. Алайда әкімдік бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Сол күні, 24 мамырда Досаев қызметінен босатылған болатын.

АРЫЗДЫ ҚАЙТЫП АЛМАДЫ

Соған қарамастан, талап қоюшылар арыздарын кері қайтарған жоқ. Олар соттан өздерінің бейбіт жиналыс өткізу құқығын бұзған әкімдік әрекетін заңсыз деп тануды сұрап отыр.

– Иә, енді митинг өткізудің қажеттілігі жоқ, өйткені Досаев қызметінен кетті. Бірақ әкімдіктің бізге берген рұқсат беруден бас тартуы – заңсыз болды. Бұл – Конституциялық құқықтарымыздың бұзылуы. Сот осы мәселеге баға беруге тиіс, – деп жазды Мұрат Адам.

СОТ ҚАШАН ӨТЕДІ

Іс Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіне қабылданған. Сот отырысы 3 маусым күні сағат 11:30-да өтеді. Ол онлайн форматта ұйымдастырылғанымен, талап қоюшылар сотқа офлайн қатысатындарын мәлімдеді.

Мұрат Адам мен Санжар Боқаев БАҚ өкілдері мен блогерлердің қатысуына, сондай-ақ сот отырысын тікелей трансляциялауға рұқсат сұрап, тиісті өтініш жолдаған. Егер бұл өтініш қанағаттандырылса, белсенділер сот отырысына сілтемені қосымша жариялайтынын айтты.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін қоғам қайраткері Санжар Боқаев пен адвокат Мұрат Адам Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап ететін митинг өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған едік. Алайда Досаев отставкасын талап еткен белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермей қойды

Серіктес жаңалықтары