Белгілі режиссер, өнертанушы Ерлан Төлеутай Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында өнердегі фанерщиктер көбейіп, қоғамды аздырып бара жатқанын ашық айтты.
ҚАЗАҚТА «БАС КӨТЕРЕР» ДЕГЕН ЖАҚСЫ СӨЗ БАР
Ерлан Төлеутай өнерде жүргендіктен ешкімге жағымпаздануға қақы жоқтығын айтады.
Оңай емес, өміріміз осындай қоғамға тап келді. Осындай дәуірде өмір сүруге мәжбүр болдық. Солардың дегені бола берсе, қоғамымыз не болады? Маған да солардың ойыншысы болып, шалқып жүруге болады. Ал бәріміз солай болсақ, не болады? Қазақта «бас көтерер» деген жақсы сөз бар. Бас көтерері жоқ ел, бас көтерері жоқ отбасы дейді. Оларға мүсіркеп қарайды. Халықтың баскөтерері болуы керек. Мен ешқашан «халықтың бас көтерері болам» деп ойлаған жоқпын. Соңғы 30 жылда болып жатқан ахуал мені соған мәжбүрледі. Әйтпесе әнімді айтып, ғылыми жұмыстарыммен айналысып, тыныш өмір сүремін деп ойлаған адаммын. Ұлттық код дегенді жиі айтамыз. Ол бәрінде болмайды. Мен сол ұлттық кодтың носительімін. Қолымда домбырам, қаламым бар. Менің бүкіл болмысым, арым, рухым өнермен байланысты. Мен осы өнерді арқалап жүргендіктен, жалған сөйлеп, біреуге жағымпаздануға менің хақым жоқ, – дейді ол.
БӘРІ ДАЛА ЗАҢЫМЕН РЕТТЕЛГЕН
Өнертанушы Мәди, Иман Жүсіп, Балуан шолақтың бәрі бас көтерерлер болғанын айтады. Қазақтың Ресей боданы болып, аза бастаған тарихы 1846 жылдан басталды деп есептейді.
Оған дейін біз қазақ жақсы халық болдық. Абылай хан заманын Шоқан «ерлік дәуірі» дейді. Сондай халық болдық. Абылай 1781 жылы өлгеннен кейін 40 жыл уақыт болды. Мемлекетті қалай сақтаймыз деуге, мылтық пен зеңбірек жасап алуға 40 жыл уақытымыз болып еді. Бірақ біз айт пен тоймен жүрдік. Абылай жоқ, рахат, хан, билік жоқ. Сөйтіп, орыстар ұзын арқан, кең тұсау саясатын жүргізіп келді. Оған дейін біз протекторат болдық. Патша өкіметі біздің ішкі ісімізге араласпаймыз деді. Шыжымдап біртіндеп тарта берді, тарта берді. 1822 жылы хандық билікті жойып жіберді. «Аға-сұлтандар басқарсын» деді. 1868 жылы қазақ даласы Ресейдің меншігі делінді, Кенесары, Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлылар бас көтерді ғой. Бірақ оны қолдаушылар көп болған жоқ, әсіресе, байлар, Ресейге сатылғандар. Махамбетті өлтірді. Символдарға мән беру керек. Біз қалай ақынды өлтірдік, бітті, бақ тайды. Сөздің иесін өлтіру деген үлкен қылмыс. «Қазақ хандығын» көрсеңіз, мен осыны Асанқайғының аузына салдым. Екеуі далада сөзбен шарпысады ғой, сонда былай дейді: «Сен елді шаппа, кейін қайт. Тәмам елдің әулиелері Әбілқайыр хан өлді деп кетіп бара жатыр екен. Осындай түс көрдім. «Қайт» дегенде, хан: сақалыңнан ұстап, бауыздап жіберейін десем, ертең халқым сөз иесін өлтірді деп айтады. Ұрпағымның бетіне шіркеу болады ғой» дейді. Міне, сондай даланың заңы болды. Сөз иесін өлтіруге болмайды. Сөз иесі өлсе, ол мемлекет те өледі. Халық өнерін, өнерпазын да өлтіруге болмайды. Өйткені олар халық пен билік арасындағы көпір. Халықтың өзінің тілі жоқ, оны өнерпазына, шешеніне беріп отыр. Мыңжылдық тарихта осындай бір эволюциялық процестер болған. Сөйтіп дала заңы реттелген, – дейді ол.
Ерлан Төлеутай бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз иелерін құртып, абырой-беделін түсіру үшін оларды қайыршы қылу керек деген тоқтамға келді деп есептейді. Ақын-жазушылардың қаламақысын алып тастауын соның себебі деп санайды. Ал кедей ақынды кім тыңдайды? Қазақта «қанша шешен болса да, дауға салма малсызды» дейді. Малсыз адам қалай дауға түседі, елдің алдында қалай сөйлейді, үстінде дұрыс костюмы да жоқ. Назарбаев «Америкада кітапты өздері сатады екен, сенде де өздерің сатыңдар» деді. Американың 200 млн халқы бар, біздің ондай халқымыз жоқ қой. 70 пайызы қазір әдеби шығарманы танымайды. Міне, осылайша бірте-бірте сөз иелерін халықтың көз алдынан кетірді. Ол үшін жұлдыздарды, фанерщиктерді шығарды, дінді алып келді. Сөйтіп халық момын бір тобырға айналды дейді ол.
Мен де сол тобырдың ішінде жүруіме болар еді, хит жазып тастау қолымнан келеді. Композитормын ғой. Бірақ арым бармайды, мен олай өзімді түсіргім келмейді. Өзімнің миссиям – өнерге таза келіп, таза кету. Өйткені мен кімдерден өнеге алдым? Мен ән айтқанда сол Иманжүсіп, Біржан салдардың халін кешем. Мені солардың күйіне билік алып келді. Олардың көрген қорлығының бәрі қазір менің басымда. Қазір тірі Мәдилер де, Ақан серілер де жүр ғой, бірақ олар «крайний» адам. «Ойбай, олар жау, оларды жолатпаңдар, оларды аштан өлтіріңдер». Қорлықтың қандай түрі бар, соның бәрін носительдерге көрсетіп жатыр, – дейді Ерлан Төлеутай.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының youtube арнасынан көре аласыздар.