2015 жылдың мамыр айында Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуы тіркелген еді. Арада он жыл өткен соң ғана ғалымдар бұл экологиялық апаттың нақты себебін анықтап, зерттеу нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАППАЙ ҚЫРЫЛУ
2015 жылдың мамырында тіркелген оқиға табиғат тарихындағы ең ірі жануарлар қырғынының бірі ретінде сипатталған. Ғалымдардың мәліметінше, сол кезде Қазақстандағы киіктердің шамамен 80 пайызы – яғни 200 мыңға жуық жануар қырылып қалған. Бұл туралы IFLScience басылымы жазады.
Сол уақытта зерттеушілер бұл жағдайды "күрделі әрі бұрын-соңды болмаған құбылыс" деп бағалаған, себебі ірі сүтқоректілер арасында мұндай көлемдегі популяцияның күрт азаюы өте сирек кездеседі. Алайда бұл апаттың нақты себебін анықтау ғалымдарға 10 жыл уақытты қажет етті.
СЕБЕП
Оксфорд университетінің биоалуантүрлілік бойынша профессоры Э. Дж. Милнер-Гулландтың айтуынша, ғалымдарға нақты қорытындыға келу үшін жылдар бойы дерек жинауға тура келген.
Алғашында Ресей зымырандарынан қалған улы отын әсері, аймақтық температураның күрт жоғарылауы сынды нұсқалар айтылды. Алайда кейін бұл қырғынның басты себебі – бір ғана фактор емес, бірнеше жағдайдың үйлесуі екен.
Киіктердің қырылуының нақты себебі ретінде Pasteurella multocida бактериясы аталды. Бұл бактерия бұған дейін киіктердің ағзасында, атап айтқанда бадамша бездерінде еш зиянсыз өмір сүріп келген. Алайда 2015 жылы Қазақстанның кейбір өңірлерінде ауа температурасы мен ылғалдылық қалыптан тыс жоғарылаған. Салдарынан бактерия қарқынды көбейіп, киіктердің қанына еніп, геморрагиялық септицемияға әкелген.
ПОПУЛЯЦИЯ ҚАЛПЫНА КЕЛДІ
Зерттеушілердің сөзінше, соңғы 20 жылда Қазақстанда 75 миллион гектардан астам жайылым, батпақты жерлер мен шөлейт аумақтар қалпына келтірілген. Бұл өз кезегінде киіктердің жабайы популяциясын 40 мыңнан 2,8 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік берген.