Бүгін, 31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРЫҚ
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қазақстан президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі жарлығымен ресми түрде бекітілген. Мұрағат деректеріне сүйенсек, 1921 жылдан 1954 жылға дейін елде саяси баптар бойынша шамамен 100 мың адам сотталған, олардың 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.
ЖАППАЙ ҚУҒЫН-СҮРГІН
Ең қасіретті кезең – 1920–1930 жылдар болды. Бұл жылдары қазақ зиялылары, дін қайраткерлері мен ұлттық элита өкілдері жаппай қуғынға ұшырады. Мыңдаған адам “халық жауы” атанып, жалған айыптармен лагерьлерге жіберілді немесе ату жазасына кесілді.
1928 жылдың соңында “Алаш” қозғалысының белсенді мүшелерінің басым бөлігі жалған айыппен тұтқындалды. Олардың қатарында: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Әбдірахман Байділдин және басқа да тұлғалар бар.
ТАРИХИ ӘДІЛДІКТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
Араға ондаған жыл салып, Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс басталды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 1929–1956 жылдар аралығын қамтитын 2,4 миллионнан астам мұрағаттық карточканың құпиясын ашты.