×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

Тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет – Тоқаев

31.05.2025, 11:44
Тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет – Тоқаев
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы кезінде бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тоқаевтың айтуынша, төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет. Бұл – аксиома. Ұлттың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес.

– Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс.

Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан ең көп зардап шеккен қазақ халқы болса да, бұл бұрынғы кеңес мемлекетінде өмір сүрген барлық дерлік халықтардың басына түскен қасірет. Сондықтан мұндай нәубеттер ешқашан қайталанбауы үшін одан сабақ алу өте маңызды.

Халқымыз ұлы дала өркениетінің бірегей мәдени кодын сақтап келеді. Соның арқасында біз ел тағдыры сынға түскен қатердің бәрін еңсеріп, әрдайым ар-намысымызды биік ұстай білдік. Жұртымыз ең қиын күндердің өзінде ынтымақ, гуманизм, бауырластық сияқты құндылықтардан ажыраған жоқ. Түрлі нәубеттен жапа шеккендердің бәріне көмек қолын созды. Сол себепті өзара қамқорлық, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер ұлттық болмысымыздың сипатына айналды, – деді Тоқаев.

Президент тарихқа деген көзқарас қай кезде де саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды.

– Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті. Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі. Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек, – деді ол.

Еске салайық, бүгін, 31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

 

Серіктес жаңалықтары