Желіде заңгер Ержан Есімхановтың қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты жазбасы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Threadste-те көне тілдерде мәтіндерді қалпына келтіріп, ерекше контент жасайтын Arum Natzorkhang есімді блогер туралы пікір білдіріп, қазақша сөйлейтін адамдарды мысқылдаған.
ЗАҢГЕР ЖАЗБАСЫНДА НЕ ДЕЙДІ
Есімханов Arum Natzorkhang атты блогердің көне тілдердегі мәтіндерді қалпына келтіріп, солардан видео жасайтынын мақтап, ағылшын тіліндегі «Беовульф», мысыр мифтері, тіпті Гомердің «Илиадасын» да жаңғыртқанын айтқан. Ол бұл процесте грек тілінде пікір білдіргендердің көп болғанын, олардың арасындағы дау-дамайға қызығушылықпен қараған. Алайда жазбаның соңында Есімханов қазақша сөйлейтіндерге және қазақша сөйлеуді сұрайтындарға қатысты екіұшты тіркес қолданған.
- Біздің “қазақшасөйлешниктерге” қайдан жетсін (“Куда там нашим казакшасойлешникам”-ред.), – дейді заңгер.
ЖАУАБЫ
Заңгер желіде қызу талқыланып кеткен соң жауап қатты. Ол жазбасында айтқан тіркесін сәтсіз болған шығар деп мойындап, оны қалай түсіну керек екенін нақтылап беруге тырысты.
- Бірақ мен бір нәрсені айтқым келген. Қазақ тілін насихаттаудың екі жолы бар: бірі – сабырмен, достықпен үйренуге шақыру, көмектесу. Екіншісі – тіл білмейтіндерді қорлау, айқайлап «Қазақша сөйле!» деу. Мен соңғысына қарсы болдым, – деді Есімханов.
Сондай-ақ ол қазақ тілін білмейтінін, орыс тілді ортада өскенін, бірақ қазір тілді үйреніп жүргенін айтты. Ол өзіне тағылған «патриот емес» деген айыптауларға да жауап қатты. Заңгер әлеуметтік жобаларға қатысқанын, қайырымдылықпен айналысқанын, көптеген адамды спортқа тартқанын айтады.
Сонымен қатар, ол елдегі өткір мәселелер жайлы ашық айтудан қорықпайтынын еске салды.
- Басқалар жазуға қорқатын дүниелерді мен жазамын. Ресейдің Украинаға басып кіруін алғашқылардың бірі болып ашық айыптадым. Шерзаттың ісін қоғам назарына шығарғандардың қатарында болдым – ол жазбамды 1,5 миллион адам оқыды. Сондықтан кімге қарсы шығып жатқандарыңызды, не үшін екенін ойланып алған жөн, – деп жазды Есімханов.
Соңында ол пікірталас мәдениетіне шақырып, мәдениетсіз жазбаларға жол бермейтінін ескертті.
- Сабырлы пікірталасқа әрқашан дайынмын. Бірақ бұл парақшада немесе басқа жазбаларда тіл тигізу, қорлау болса – ондайлар бұғатталады. Есіңізде болсын: тіл үйрету үшін айқай, мазақ көмектеспейді. Керісінше, ол тілге деген теріс көзқарас қалыптастырады, – деді заңгер.
ХАЛЫҚТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Ержан Есімхановтың “қазақшасөйлешники” деп атап өткен сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Пікір жазғандардың бірі Azhar.tursynbek Threadste-те заңгерге жауап берген. Алайда кейіннен оны Есімханов бұғаттап тастапты.
- Бұл жерде қазақшасөйлешниктердің қатысы не? Өз елімізде өз тілімізде сөйлегіміз келгені үшін бір жынды болдық қой, құрсын, – дейді Ажар.
Медиа маман Жәнібек Нұрыш Ержан Есімхановтың әлеуметтік желідегі жазбасына жауа берді.
Бұл жайтқа қатысты Лондонда тұратын қазақстандық Ғалымжан Қараманұлы да пікірін жазған.
- Ана тілін құрметтеуге шақырғандарды "Қазақшасөйлешники" деп кемітетін қазақ блогер бар екен. Англияда тұрмаса да ағылшын тілін санаулы уақытта үйреніпті. Бірақ Қазақстанда туып-өссе де 30 жылда ана тілін меңгермегеніне таң қалам, – дейді Қараманұлы.
Сонымен қатар, заңгер әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбасына ойын не қарсы пікірін жазған адамдарды бұғаттап отырған.
Ержан Есімхановтың жазбасына кәсіпкер, медиа менеджер Марғұлан Тұрсынов та жауап берген.
- Егерде Парижде саған француз халқының өкілі тек қана французша сөйлеуді талап етсе, қоғамда оны: Патриот, өз халқының жанашыры, Қоғамның бейбіт азаматына танылады. Егерде сен Қазақстанда - Қазақ тілін сөйлеуді талап етсең, онда: Националист, не грамотный, мамбет, радикал, ауылбай деген қоғамның өкіліне айналасың) Қалай әдемі алып келген иә?, дейді Тұрсынов.
Продюсер Алмас Сағынұлы да пікірін жазды. Ол қазақ тілін білу ортаға байланысты емес екенін айтады.
ЕСІМХАНОВ БҰЛ ЖАЗБАЛАРҒА НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ
Заңгер тағы бір жазба жариялап, даудың мән-жайын түсіндірді. Ол бұл тақырыптың шын мәнінде өзекті екенін айтып, сын мен тіл үйренуге кедергі келтіретін әрекеттерге тоқталды.
- Бұл өте сезімтал тақырып. Бірі – ана тілінің тағдырына алаңдаса, енді бірі – қазақ тілін үйренуге тырысып жүр. Бірақ олар бір-біріне қарсы тұрып қалған. Шын мәнінде, мақсатымыз бір емес пе?, деді ол.
Заңгердің айтуынша, соңғы күндері көп адам «Қазақша сөйле!» деген бұйрықты әрі агрессивті формада қабылдайтынын жазған. Оның орнына «қазақша айтыңызшы» деген сыпайы нұсқа ұсынылған. Есімханов мұндай пікірлермен келісетінін айтып:
- Дәл осыны мен де айтқым келген. Қайсыбіріміз мұндай сыпайылыққа қарсы боламыз? — деді.
Есімханов бұл даудан нақты нәтиже шығарғысы келетінін айтып, бірнеше ұсыныс айтты.
Біріншіден, ол жыл соңына дейін қазақ тілін жетік меңгеріп, өз қолымен алғашқы жазбасын таза қазақ тілінде жазатынын айтты. GPT не көмекшілерсіз. Сондай-ақ қазақша сөйлейтін бейнежазба (сториз) жариялауға уәде берді. Екіншіден, ол репетиторлар мен пайдалы қазақша курстар, қосымшалар немесе подкасттар туралы ұсыныстарды пікірге қалдыруды сұрады. Бұл тек өзіне емес, басқа да үйренгісі келетіндерге пайдалы болатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұл жайттан кейін желіде cancelYer_Yess хештегі пайда болған.