Алматыда қала әкімін сайлау құқығын талап етіп, митинг өткізбек болған белсенділерге рұқсат берілмеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматылық белсенді Марат Тұрымбетов Facebook желісінде қалалық әкімдік тағы да митинг өткізуге рұқсат бермегенін жазды. Ол 8 маусымда әкімді сайлау құқығын талап етіп, митинг өткізгісі келген.
Бақытжан Сағынтаев әкім болып келгенде митинг өткіздік. Ерболат Досаев келгенде де митинг өткіздік. Олардың барлығы рұқсат берді. Тек мынау [Дархан Сатыбалды] бермей тұр. Қорқып тұр ма білмеймін не үшін бермей тұрғанын. Біз оған қарсы емеспіз, әкімді сайлау құқығын талап еткіміз келді. Біздің президент сайлауға, депутат сайлауға миымыз жетеді. Сонда бір әкімді сайлауға миымыз жетпей ме?, – деді Марат Тұрымбетов Ulysmedia тілшісіне.
Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының белсендіге берген жауабында 8 маусым күні белсенділер сұраған орындар бос емес екендігі жазылған. Белсенділер Амангелді Иманов бағы, «Сарыарқа» кинотеатрының арты және Ганди саябағы сияқты үш орында митинг өткізгісі келген. Әкімдік жауабында бұл үш орының үшеуінде де ол күні «жөндеу жұмыстары мен мәдени шаралар өтетіні» туралы айтылған.
24 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты қызметінен алып, Алматының әкімі етіп президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған Дархан Сатыбалдыны тағайындаған. Осыдан кейін қала әкімін сайлау мәселесі қайта көтерілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар туралы сөз қозғағанда ауыл және аудан әкімдерінің сайлауын айтады. Осы уақытқа дейін бірқатар ауыл, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Бірақ республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдері әлі де тағайындалады.