Шерзат Полаттың ісі бойынша сот тергеуі аяқталып, жарыссөз басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДВОКАТТАРДЫҢ ӨТІНІШІ
Бүгінгі сот барысында Тоқтаубаевтардың адвокаты олардың бұрынғы жауабын дәлел ретінде танымауды сұрады. Себебі тергеу барысында сотталушыға қысым көрсетілгенін айтты. Прокурор бұған қарсы болса да, аталған өтініш хатты судья басы ашық қалдырды.
Сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты оның оң қолы сынғанын айтты.
Қолына спица салынған. Оны уақтылы алып тастауға, ота жасауға қаражаты жоқ. Уақытын өткізіп алды. Бейнежазбадан қараған кезде сотталушылардың бірін ұрған кезде қатты соққы емес, итерген. Әскентай қанша кішкентай болса да ұрғанынан құламаған. Осыны іске тіркеуді сұраймын, – деді адвокат.
Сот Ержан Жанұзақов оның бұл өтінішін сотқа тіркеді.
Дархан Әскентайдың адвокаты сотқа жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовты шақыруды, одан онлайн жауап алуды өтінген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.
ПРОКУРОРДЫҢ ЖАРЫССӨЗДЕГІ СӨЗІ
Прокурор Дана Сәрсембай жарыссөзде Абзал Шынасылдан жеті рет жауап алынғанын, ол күдікті ретінде берген жауабын есіне салды. “Ол Шерзатқа пышақ сұғып алдым” деген сөзін есіне салды. Сот барысында қорғануға құқығы бар Жақсыкелдінің және сотталушылардың бірінің Абзалдың төбелестен кейін пышағын жуғанын айтқанын жеткізді.
Тәуелсіз сараптама сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне келтірілген зақым Шерзаттың өлімімен тікелей себептік байланыста болатын денсаулыққа ауыр зиян екені көрсетілген. Демек сараптамалар Шерзаттың өлімі Шынасылдың ұрған соққысынан екенін нақты көрсетіп тұр. Сарапшы Халимназаров жарақат тереңдігі 12 см, ал Шынасылдан алынған пышақ жүзі 9,5 см. Алынған жарақат аталған пышақтан болуы мүмкін бе деген сұраққа ол “адамның денесінің терісі серпінді болғандықтан, аталған пышақтың жүзі сабының түбіне дейін кіргенін айтуға болады, пышақ қатты күшпен салынған” деп жауап берді, – деді Дана Сәрсенбай.
Дана Сәрсенбай Шынасыл сотты шатастыру үшін әртүрлі жауап беріп отырғанын айтады. Прокурор сотта Шерзатты пышақты Шынасыл салды деген айпытау толық дәлелденді деп мәлімдеді.
Сотта Шерзатқа пышақпен соққы жасаған Шынасыл екені толықтай дәлелдемелермен көрсетілді. Шынасыл Абзал Шерзатқа келтірген бір жарақат Шерзаттың өлімімен тікелей себептік байланыста болған. Оны екі сарапшы да көрсетті, – деді ол.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады.