×
511.37
583.73
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.37
583.73
6.46

Үржарда әкім сайлауына түскен азамат өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді

02.06.2025, 11:11
Үржарда әкім сайлауына түскен азамат өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді
Ulysmedia.kz коллажы

Абай облысы Үржар ауданындағы округ әкімі лауазымына өз кандидатурасын ұсынған Фархат Қадыровқа қысым жасалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы Қадыровтың өзі әлеуметтік желіде жариялады. Ол әлдекімдер қысым жасап, сайлауға қатысуына кедергі жасап жатқанын айтады. 

- Мен – Қадыров Фархат Асхатович, 2025 жылғы 15 мамырда Үржар ауылдық округінің әкімі лауазымына өз кандидатурамды ұсындым. Құжаттарым заң аясында толық мақұлданып, ресми келісім берілді. Үгіт-насихат кезеңінде халықпен кездестім, сенім білдіргендеріңіз көп болды. Алайда, дәл қазір маған қысым көрсетіліп, сайлауға қатысуыма кедергі келтіріліп жатыр. Бұған дейін жабылған ісімді қайта көтеріп, заңды емес негізде мені шеттетуге тырысуда. Мен заңға сенемін. Конституциялық құқығымды қорғау – менің ғана емес, әр азаматтың құқығын қорғау. Бұл – әділет үшін күрес. Сіздерден осы үндеуді таратуға қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Шындық пен әділдік бірге болғанда ғана жеңеміз!, – дейді кандидат. 

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Ауыл тұрғындары Фархат Қадыровты қолдап, үндеу жасады. 

- 8 маусым күні Үржар ауылының әкімінің сайлауы болып жатқаны баршамызға мәлім. Әлеуметтік желіде болып жатқан ақырғы парақшадағы жарияланымдарға байланысты айтқымыз келіп отырғаны – барлығымыз бірауыздан Фархат Асхатұлын қолдаймыз!, – дейді ауыл тұрғындары. 

Тұрғындар Фархат Қадыровтың бұған дейін жабылған ісін қайта көтеріліп, кандидат заңсыз негізде шеттетілгенін атап өтті. 

ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ 

Бұл жайтқа қатысты заңгер Ғабит Өмірбек пікір білдірді. Ол Үржар қаласының сайлау комиссиясы заңды белшеден басып отыр деп санайды. 

- Жаңа Қазақстан дейді, сайлау әділ өтеді дейді. Бірақ әлі күнге дейін сайлау, өкінішке қарай, әділ өтіп жатқан жоқ. Маған дәл осындай жанайқаймен еліміздің патриоты, өзі Үржар қаласының әкімі болуға кандидаттығын ұсынған болатын. Оны халық көп жақтап жатқаннан кейін оның кандидатурасын шеттетіп жіберіпті, дейді заңгер. 

Ғабит Өмірбектің сөзінше, Қадыровтың кандидатурасын заңсыз әрі негізсіз шеттетіп жіберген. 

- Не үшін екенін толық жазып өтетін боламын. Сайлау әділ өтпей, еліміз дамымайды. Елім, жерім деп отырған азаматтарды лауазымға тағайындамайынша еліміз ешқашан көркеймейді. Соны түсінсе ғой. Лауазымды адамдар өз адамдарын “тығуын” қоюы керек. Сайлау көзбояушылық, ол алдын ала таңдалып қояды екен. Бұл – елімізге жасалып отырған опасыздық, дейді Ғабит Өмірбек. 

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ 

Үржар ауданының ішкі саясат бөлімі сайлау және оған қатысты жұмыспен айналыспайтынын айтты. Ведомство өкілдері бұл іспен сайлау штабы айналысатынын атап өтті. Ұлысмедиа тілшісі сайлау штабынан жауап алуға тырысады. 

Серіктес жаңалықтары