Каспийдің тартылу мәселесіне арналған саммитті Әзербайжан өткізбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Саммиттің нақты күні мен күн тәртібі алдағы уақытта жарияланады. Бұл жөнінде Әзербайжан президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі Мұхтар Бабаев мәлімдеген. Оның айтуынша, саммитке Каспий маңындағы барлық мемлекеттер шақырылған. Бабаев Каспийдің тартылу мәселесінің маңыздылығын мойындауға шақырып, Урмия көлі мен Арал теңізінің экологиялық апатқа ұшырау жағдайларын еске салды.
– Біз Ирандағы Урмия көлі мен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Арал теңізінде болған экологиялық апаттардың салдарын өз көзімізбен көрдік. Қазір Каспий теңізі дәл осындай қауіптің алдында тұр. Бұл ішкі көші-қонға әкелуде – адамдар Урмия мен Арал маңындағы жағалаудан көшіп кетіп жатыр. Нәтижесінде бұл бүкіл аймақ үшін күрделі әлеуметтік мәселе туындатады. Сондықтан біз бұл қатерді азайту үшін бірлесіп шаралар ойластыруымыз қажет. Барлық каспий маңы елдері, соның ішінде халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, күш біріктіруі тиіс. Бұл тұрғыда UNEP (БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы) бізге елеулі қолдау көрсетіп отыр, – деді Мұхтар Бабаев.
Сондай-ақ ол Әзербайжан мен Қазақстан Каспийдің тартылу мәселесін шешу бағытында тығыз ынтымақтастық орнатып жатқанын айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін эколог сарапшылар Каспийдің тартылуы Қазақстанға ауыр соққы болатынын айтып, дабыл қаққан болатын.