Шерзат Полат сотындағы жарыссөзде сотталушылардың адвокаттары сөйлеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДВОКАТТАР НЕ ДЕЙДІ
Сотталуыш Шыңғыс Белғожаевтың адвокаты Марғұлан Сәдібеков 293-бабының 3-бөлігі емес, 1-бөлігі бойынша ғана соттауды өтінді. Белғожаевқа ҚК 293-бабының 3-бөлігі (қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) бойынша айып тағылған. Адвокаты оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сонымен қатар, жәбірленушілер тарапы талап еткен материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттемеуді өтінді. Сөзінше, сонша сома сұрарлықтай жәбірленушілер тарапы тиісті дәлелді келтірмеген.
Думан Ысқақтың (ҚК 434-бабы бойынша – қылмыс туралы хабарламау бойынша айыпталған) адвокаты Жалқын Қабылов 11 сынып оқушысы Думан Ысқақ полицияның тергеуі барысында қорғануға құқығы бар куәгер болғанын, алайда Қаржаубай Нұрымовтың үйі өртеніп, іс резонансты сипатқа ие болғаннан кейін күдікті статусына ауыстырылғанын айтты. “Бұл баланың кінәсі жоқ” деген Қаржаубай Нұрымовтың соттағы сөзін есіне салды.
Қамажай дүкенінің алдында болған оқиға түсірілген бейнежазбада болған оқиғаларды Думан көрсетті. Жауабында ешқандай қайшылық болмады. Тергеу мен соттағы жауаптарында еш өзгеріс жоқ. Ол шындығын айтқан. Ол мұнда дәлелденді. Оқиғаны көрмеген Ысқақ сотталушы болып отыр. Ол пышақты да көрмеген. Осыны назарға алсаңыз, құрметті сот. Судья тәуелсіз! Заң талабы шеңберінде шешім қабылдайды. Ысқақтың әрекеттерінде 434-бапта көрсетілген қылмыс құрамы жоқ екені де сотта анықталды. Осының негізінде сізден әділетті шешімді қабылдап, Думан Ысқақты ақтауды сұраймын, – деді адвокаты.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады.
Бүгінгі жарыссөзінде прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыларды 7-23 жыл аралығында соттауды сұрады.