Сарапшылар Ресейдегі бензин неге Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қымбат екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПАРАДОКС
НГС мәліметінше, мамыр айының соңына қарай Санкт-Петербургте АИ-98 маркалы бензиннің бағасы 87 рубльге (562 теңге), АИ-92 – 57,5 рубльге (371 теңгеден астам), дизель отыны – 71,5 рубльге (462 теңге) дейін өскен.
– Бұл жағдайдың абсурдтығы ең айқын көрінетін жер – шекара маңындағы аймақтар. Мысалы, Қорған мен қазақстандық Петропавл – көршілес қалалар. Ресейлік көлік жүргізушісі үйінде бензин құйып, бірнеше ондаған шақырым жүрген соң, Қазақстандағы жанармай бекеттерінде дәл сол маркалы отын бағасының едәуір арзан екенін көреді. Көбіне бұл бензин Ресей мұнайынан өндірілген, тіпті кейде Ресейдің өз мұнай өңдеу зауыттарында дайындалған. Сонда “қалайша біздің бензинімізді импорттаушы ел бізге қарағанда арзанырақ сатып жатыр?” деген сұрақ туындайды, – деп жазады басылым шолушысы.
СЕБЕП
Сарапшылардың айтуынша, мәселе мұнай компанияларының ашкөздігінде емес, мемлекеттердің жанармай нарығына деген ұстанымындағы айырмашылықта жатыр. Қазақстан шикі мұнай экспортын әдейі шектеп, үлкен көлемін ішкі өңдеуге бағыттайды әрі жанармайға салық жүктемесі Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қазақстан үшін арзан бензин – әлеуметтік тұрақтылықтың факторы. Ал Ресей үшін жанармай нарығы – қуатты фискалдық құрал.
– Ресейде бензин бағасының мұнай бағасымен еш байланысы жоқ, бұл екеуі бір-бірімен байланысты емес. Бір литр отынның бағасының 60%-дан астамы – салықтар: мұнайшыларға салынатын салық, ҚҚС, акциздер. Бұл көрсеткіш тек тұрақты емес, оның ішінде өсім де қарастырылған. Яғни бензин арзандайды деп күтудің қажеті жоқ. Бұдан бөлек, бензин бағасына жанармай бекетінің маржасы да қосылады. Ол әртүрлі – кей жағдайда литріне 2 рубльге дейінгі үстеме пайда болады. Сондай-ақ бұл бағада өңдеу, тасымалдау секілді шығындар да бар, – деді НГС тілшісіне ұлттық автокөлік одағының вице-президенті Антон Шапарин.