Бүгін 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда жаппай төбелес кезінде қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты істе нүкте қойылды. Ulysmedia.kz тілшісі сот процесіне қатысып, оқиға қалай өрбігенін баяндайды.
СОТ КҮНІ
Шешуші сот отырысы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.
Күзет қызметі сот отырысына келгендердің бәрін тексеріп кіргізді.
Сот залына тілшілер кіре алмағандықтан, БАҚ өкілдері арнайы бөлмеден хабар таратуға мәжбүр болды.
Сағат 16.05-те барша халық асыға күткен сәт болды: судья Ержан Жанұзақов сот үкімін оқи бастады.
СОТ ҮКІМІ
Істе ең ауыр айып тағылған Абзал Шынасылға тағылған. Оған қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) 2 бөлігінің бірнеше тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен, аса қатыгездiкпен жасалған, көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру) айып тағылған. Шынасыл 23 жылға сотталды.
ПРОКУРОРЛАР
Сот үкімі шыққан соң прокурорлардан пікір алуға тырыстық. Алайда мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай пікір білдірмейтінін айтып, кетіп қалды.
Сот үкімі оқылғаннан кейін журналистер де сыртқа ағылып, пікір алуға асықты. Осы сәтте сотталушы Дидар Қалиахметтің анасы есінен танып құлады.
Тілшілердің алдына алғаш болып шыққан да сотталушы Дидардың әкесі.
- Менің балам жай саунадан шығып, сол жерден тек сыра алайын деп кеткен бала. Үкімет әділдігін шешетін шығар деп ойлағанбыз. Міне, әділдік жоқ. Жоғарғы сотқа дейін барамын. Менің баламның ешқандай кінәсі жоқ, – дейді Еркін Есімбеков.
Ал сотталған Равиль Сәкиевтің анасы сот залынан шығып бара жатып боқауыз сөз айтты. "Қа...м басына келдіңдер ме? Естігілерің келіп тұрған сол ма? С..ка" деп залдан шығып кетті ол.
Сотталушы Нұрқияс Ілиясовтің әкесі “бәрін Қаржаубайдың өзі істеп отыр” дейді.
Кәмелетке толмаған Думан Ысқақтың адвокаты Жалқын Қабылов сотталушыға өте қатаң жаза берілді деп есептейді.
- Өте қатаң жаза. Қаржаубайдың өзі кешірім берген. Оны есептемеді, дейді адвокат.
Ең ауыр айып Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов те сот шешімімен келіспейтінін айтты.
- Біз айтатын нәрсені сотта айттық. Енді апелляцияда айтамыз қалғанын. Келесі қадам – апелляция, дейді адвокат.
Бүгінгі сот отырысында марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов келмеді. Оның себебін адвокаты Мейірман Шекеев түсіндірді.
- Қаржаубай Нұрымов әлі күйзелістен шыға алмай жүр. Кеше ғана сөйлестім. “Өзіңіз бара беріңіз, сізге сенемін” деп айтты. Ол сотталушылардың жүзін көргісі келіп тұрған жоқ. Анасының да қан қысымы көтеріліп жатыр. Бұл жерде жеңген адам жоқ. Біліктілігімізді танытып, нәтижеге жеттік. Бірақ мен біз жеңдік деп айтпаймын, дейді Шекеев.
Сот үкіміне қатысты Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова да пікір білдірді.
- Қорғаушыларымыздың еңбегінің арқасында осындай дәрежеге жеткеніне шүкір етеміз. Өзімізден бөлек адвокаттарға да қауіп төне ме деп қорықтық. Өзімізге де қысым жасалды. Қазір барлық баппен келісуге мәжбүрміз. Себебі бұл баптар да сотқа жетпеуі мүмкін деген күдігіміз болды. Олардың ешқандай өкініші жоқ. Өзімізге ата-yаалары да атылып, “біз әлі шықпайды деп ойлайсыңдар ма?” деп қоқан-лоқы көрсетілді, дейді Перизат.
Сот отырысына марқұм Шерзаттың тағы бір әпкесі Бақыт Реймова келді. Алайда ол сот үкіміне қатысты пікір білдіргісі келмеді.
Соттағы жағдай бәсеңдеген сәтте полиция қызметкерлері сотталушыларды алып кетті.
10 сәуірде басталған сот процесіне нүкте қойылды. Сотталушылардың адвокаттары енді апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ол қай күні болатыны, сот шешімін өзгерте ме жоқ па, ол әзірге белгісіз…