Астана әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апаты салдарынан екі аяғынан айырылған қыз баланың отбасына қанша қаржылық көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ең әуелі Астана әкімі қыздың отбасына неге өзі жеке бармағанын түсіндіруге тырысты.
- Ол қыздың анасына, қызына менің әріптестерім, соның ішінде менің орынбасарым бірнеше рет барды. Кеше де балалар омбудсмені болды. Бүгін де менің орынбасарым сол кісілермен бірге барады. Көмек жағынан: сақтандыру көлемі 20 миллионның маңайында және әкімшілік қосымша 10 миллион теңге береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, баспана мәселесін шешіп береміз. Оны ресми түрде айтамын, дейді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ Қасымбек апатқа кінәлілерге қатысты пікір білдірді.
- Кім кінәлі екенін тергеу анықтайды. Менің білуімше, автобус жүргізушісі тәжірибелі маман. Қазір қамауда отыр, дейді әкім.
ЖОЛ АПАТЫ
Астанадағы Республика даңғылында автобус ақпараттық тақта тіреуіне соғылып, жол апаты қоғамда үлкен резонанс туғызды. 15 жолаушы зардап шегіп, үшеуі ауыр хәлде ауруханаға түсті. Ең қатты зардап шеккен 8 жастағы қыз екі аяғынан айырылған. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі қамауға алынды. Дей тұрғанмен бұл апатқа қатысты маңызды бір жайт – әкімдіктің жанама жауапкершілігі болуы мүмкін деген мәселе көптің назарынан тыс қалып барады. Ulysmedia.kz осы жағдайды тереңірек зерттеп көрген еді.