×
507.8
580.82
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
507.8
580.82
6.44

Тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл: әлдекімдер «Орданы» рейдерлік жолмен тартып алмақ

11.06.2025, 13:25
Тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл: әлдекімдер «Орданы» рейдерлік жолмен тартып алмақ
Ашық дереккөзден

Orda.kz сайты рейдерлік жолмен тартып алынуы мүмкін, ал бас редактор қызметінен шеттетілмек. Бұл туралы басылымның негізін қалаушы Гүлнара Бажкенова өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ОРДАҒА» ЖАСАЛҒАН ҚЫСЫМ

Оның айтуынша, шабуыл осыдан алты ай бұрын басталған. Содан бері басылым журналистері мен өзі қудалауға ұшырап, түрлі қысым мен қорқытуларға тап болған.

– Журналистеріміздің мекенжайларына біреулер келіп, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, көршілерден сұрақ-жауап алады, фотороботтар көрсетіп, "бұл адам іздеуде жүр" деп айтады. Қызметкерлеріміздің телефон нөмірлері мен жеке деректері интим қызмет ұсынатын шетелдік сайттарда, сондай-ақ OLX платформасында арзан бағамен күшік, мысық, техника сату туралы жалған хабарландырулармен бірге жарияланып жатыр, – деп жазды Бажкенова.

Журналистердің суреттері мен жеке мәліметтері пайдаланылып, әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашылған. Сол аккаунттар арқылы шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар, соның ішінде бас редактордың қазасы туралы жалған хабарлар тараған. «Орда» аккаунттары әлеуметтік желілерде бұғатталып жатыр. Жасырын чаттарда денсаулығы мен өміріне қатысты қауіп төндіретін хабарламалар келуде.

Бажкенова сондай-ақ Orda.kz-ті бақылауға алып, басқа «квазитәуелсіз» ақпарат құралдарымен бірге бірыңғай орталыққа көшіру әрекеті болғанын айтады.

– Біз бұл ұсыныстан бас тарттық. Осыдан кейін ықпалды тұлғалар сайттың заңды тұлғасын тартып алып, басылымды рейдерлік жолмен иемденуді көздеген, – деді бас редактор Гүлнара Бажкенова.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

Elmedia сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға да қысым жасалған. Ол өзіне және редакциясына жасалып жатқан шабуылдарды тау-кен комбинаты (ГОК) ісі бойынша материалдармен және компания құрылтайшысы Долгалевке қатысты сот ісімен байланыстырады.

– Бірнеше күннен бері түн ішінде маған да осындай қоңыраулар келіп жатыр. "Клиенттерден" бұл ақпаратты қайдан алғанын сұрағанымда, бәрі сол баяғы "қыздар" атты сайттан алғанын айтты. Ол жерде мен үйге клиент шақырамын деп жазылыпты, – деді Ерғалиева.

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева да «Қыздар» сайтынан басталған кибершабуылдан кейін полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Ал басқа тәуелсіз журналистерге де қастық ойлағандар бар: Асхат Ниязов пен Вадим Борейко буллингке ұшыраған.

– «Орданы» менен тартып алғысы келетін адамдар бар екенін мен жақсы білемін, – деді Гүлнара Бажкенова.

Ulysmedia.kz тілшісі «шеттету» деген сөздің мағынасын нақтылағанда, Бажкенова:

– Маған «Орданы» басқа адамға аударып, журналистикамен біржола қош айтысу керегі айтылды, – деп түсіндірді.

Серіктес жаңалықтары