11 маусым күні EXPO Халықаралық көрме орталығында бір мезгілде екі көрме – Қытайдың Цзянсу провинциясынан келген импорттық және экспорттық тауарлар көрмесі мен EXPOGOODS Central Asia өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік өндірушілер қатысты.
Ulysmedia.kz тілшісі көрмеге келген компания өкілдерімен сөйлесіп, ірі қытайлық компаниялардың қазақстандық нарық пен жалпы елге қалай әсер етуі мүмкін екенін түсінуге тырысты.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Көрмеге қатысушылар бір үлкен залға жиналған. Алаңның едәуір бөлігін Қытайдан келген 70-тен астам компания иеленгенімен, өз бұрыштарына Пәкістан, Иран, Ресей, Беларусь және Қазақстан өндірушілері де ие болды.
Отандық бизнес негізінен азық-түлік өнімдерімен таныстырылса, шетелдік компаниялар Астанаға жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен тұрмыстық техникаларын алып келген.
ҚЫТАЙ НЕНІ КӨЗДЕП ОТЫР
– Бұл – менің Қазақстанға төртінші сапарым. Болашақта біздің компания Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Цзянсу-орталығы атты көпфункционалды кешен салуды жоспарлап отыр. Біз Қазақстанды таңдадық, себебі елдеріміздің достығы берік. Өзімнің де бұл жерде достарым көп. Соңғы бірнеше жылда мемлекеттеріміз тату қарым-қатынас орнатып үлгерді, – дейді Jiang SOHO Asia-Europe Connectivity Technology Group партия комитетінің мүшесі Гу Наньянь.
Бірнеше қытайлық алпауыт компания өкілдері тілшімен әңгімелесу барысында Қазақстан нарығына әзірге кірмегендерін айтты. Қарастырып жатыр, бірақ жоспар бар.
– Біз мұнда алғаш рет келіп отырмыз, бизнес-серіктестер іздеудеміз. Бұл жерде жақсы бизнес құрғымыз келеді. Біз – Цзянсу провинциясындағы ең ірі компаниялар тобы болып табыламыз, – деді спикерлердің бірі.
– Біз көптеген елге экспорт жасаймыз. Бұл – Астанаға алғашқы сапарымыз. Қазақстан нарығына шығуға мүдделіміз. Қазір сіздердің азаматтарыңыздың қажеттіліктерін зерттеп жатырмыз, – деді өкілдердің бірі.
“ҚЫТАЙДАН ҚОРЫҚПАЙМЫЗ”
Қытайлық әріптестерінен қалыспай, басқа елдердің өндірушілері – мысалы, Пәкістан мен Беларусь компаниялары да өз өнімдерін ұсынуда. Ал 20 жылдық тәжірибесі бар Өзбекстандық алкогольсіз сусын өндіруші компания Қазақстанмен жұмыс істеуге ниетті.
– Біз Қытаймен бәсекеге түсуге дайынбыз. Біз Қырғызстанда бармыз және ол жақта жақсы көрсеткіштерге жетіп отырмыз. Қазақстанның әлеуеті зор, сол себепті сіздердің нарықты зерттеп жатырмыз, – деп түсіндірді компания өкілі.
Өз үмітімен пәкістандық спорт тауарын өндіруші де бөлісті:
– Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Қазір сіздердің нарықты мұқият зерттеп жатырмыз. Бұл біз үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймыз, – деді ол.
Қазақстандық тұтынушы үшін Қытаймен бәсекелесуге дайын екенін беларусьтық тарап та жасырмады.
– Қытайлық өндірушілермен бәсекеге түсуге дайынбыз, – деп нық айтты Минскіден келген қонақтар.
“БІЗДІҢ ӨНІМ ХАЛЫҚ ҮШІН”
Отандық өндірушілердің айтуынша, Қытаймен бәсекеден қорқудың қажеті жоқ. Олар өз өнімдерінің бірегейлігі мен табиғилығына сенімді.
– Қытаймен бәсекеден қорқамыз ба? Жоқ. Біздің бағалар Қазақстан бойынша төмен. Өніміміз – халық үшін. Оның жарамдылық мерзімі қысқа, себебі құрамында бәрі табиғи, – деді Атыраудан келген кәсіпкер.
Оның «Дәулет» компаниясы макарон, ұн және жұмыртқа өндіреді.
– Біз бәсекеден қорықпаймыз, өйткені Қазақстан әлемдегі ең сапалы ұнды өндіреді. Біздің бидайдан жасалған өнім бүкіл жерде мойындалған, – деді Түркістан облысының ұн өндірушілері.
– Біз қазақстандық нарықта бұрыннан орнықтық, бәсекеден қорықпаймыз, – деп сеніммен мәлімдеді балық деликатестерімен айналысатын кәсіпкер.
ТЕҢСІЗДІК ЖОҚ ПА
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының өкілі Қытайдың қазақстандық нарыққа белсенді енуіне алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты.
– Қытайлық тауар өндірушілер елімізде бірнеше жылдан бері белсенді сауда жасап келеді. Олардың өнім сапасының артуы – біздің өндірушілерді де сол деңгейге сай болуға мәжбүрлейді, – деді QazTrade тобының жетекшісі Алмас Ихсанов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақстандық тауарлар экологиялық таза, сапалы және арзан ретінде позицияланады.
– Біздің өнімдердің басым бөлігі Қытайға кедергісіз өтеді. Әрине, кейбір тауарларға ғана шектеулер бар, бірақ әзірге айтарлықтай теңсіздікті сезінбей отырмыз, – деді ол.
Жуырда Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй Қытай мен Қазақстан стратегиялық әріптестер екенін және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын белсенді қолдайтынын мәлімдеген болатын. Ал 16-17 маусым күндері ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Астанаға кезекті сапармен келеді. Ақорданың хабарлауынша, жоғары деңгейдегі екіжақты кездесу өтеді деп жоспарланып отыр. Онда қазақ-қытай жан-жақты стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады.