×
511.77
593.19
6.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.77
593.19
6.41

«Жаназаға бармай, әншінің тойында бата беріп жүр»: ҚМДБ өкілі бас мүфтиге айтылған сынға жауап берді

12.06.2025, 13:12
«Жаназаға бармай, әншінің тойында бата беріп жүр»: ҚМДБ өкілі бас мүфтиге айтылған сынға жауап берді
Ашық дереккөзден

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы бас мүфти Наурызбай Тағанұлына қатысты сынға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ағабек Қонарбайұлының сөзінше, діни басқарма мен бас мүфти елде болып жатқан, қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардан еш уақытта тыс қалмаған. «Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр» деді ол.

Имамдар онсыз да қайғының бел ортасында жүреді. Міндеті. Бірақ оны ешкімге міндетсімейді. Бес бүлдіршіннің қазасына бәріміздің ет жүрегіміз езілді. Қос аяғынан айырылған қыздың да тағдырына қатты алаңдадық. Діни басқарма бұл оқиғалардан тағы да тыс қалған жоқ. Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр. Өмір тек қайғыдан тұрмайды. Бас мүфтидің қаралы жиында ғана емес, қуанышты басқосуларда да төбе көрсетіп, бата беруі орынды іс, – деп жазды Facebook желісінде Ағабек Қонарбайұлы.

Бұған дейін желіде әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата беріп жүрген бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сынға ұшыраған.

 БҚО-да бес бала өртеніп өлгенде жаназаларына бармаған, Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағанда құран бағыштамаған, Астанада автобус апатынан шынашақтай қыз екі аяғынан айырылғанда жүрегі сыздамаған бас мүфти бүгін Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата беріп жүр. Той дегенде қу бас домалайды деген рас-ау, – деп сынаған журналист Диас Нұрақын.

Бас мүфти барлығын бизнеске айналдырып жіберді деп сынағандар да болған.

Сәкен Наурызбайдың жолкүресін төлеп, қымбат шапан жауып, құндыз бөрік кигізіп, қалтасына хадия салып береді ғой. Өлгендердің және мүгедек боп қалған қыздың туыстары несін береді бас мүфтидің құран оқығанына, – деген журналист Ораз Әлімбек.

Бас мүфтиді қолдағандар да болған. Олар «әншінің ұлының тойында бата берген Наурызбай қажы Тағанұлының іс-әрекетінде ешқандай ерсілік жоқ» деген.

 Көп айтса көнді жұрт айтса нанды әдеті жаман адамның. Не деген хэйтерлер едіңдер? Тойға барса не бопты? Олда адам баласы. Әлде ешқайсың тойға бармадыңдарма? Әркім өз жұмысын атқарып тыныш ғана елдің дамуы үшін тірлік жасамасақ біз ешқашан ел болмаймыз, – деп жазды Жасұлан Айтбай есімді желі қолданушысы.

Бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде ұлының тойын көргісі келген халықтан 1380 теңгеден ақша жинағаны туралы ақпарат тараған. Ол да желіде сынға ұшыраған. 

2 маусымда Астанада жолаушы автобусы бағанға соғылып, салдарынан 15 жолаушы зардап шегіп, 8 жастағы қыз екі аяғынан айырылған. Ал 4 маусымда Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауылында жеке үй өртеніп, салдарынан бір отбасының бес бірдей баласы қаза болған. Кейннен қаралы отбасының ауылда пәтер жалдап тұратыны белгілі болған.

Серіктес жаңалықтары