Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушылардан түсетін моральдық өтемақының ақшасын балалар үйіне береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев elitar.kz-ке берген сұхбатында айтқан.
“АҚШАНЫ БАЛАЛАР ҮЙІНЕ БЕРЕМІН”
Адвокаттың сөзінше, Қаржаубай бастапқыдан-ақ қандай да бір қаржылай өтемақыға қызықпағанын айтып, бар болғаны ұлының атына кір келтірмеуді сұраған.
- “Маған ақша керек емес. Баламды қараламаса болды. Менің аманатым сол еді”, – деген Қаржаубай тергеу кезінде күдіктілер тарапынан ұсынылған ақшадан бірден бас тартқан.
“ҚЫЛМЫСПЕН КЕЛГЕН АҚША”
Кейін белгілі бір сатыда егер ақшалай өтемақы берілетін болса, оны өзінің жеке пайдасына емес, балалар үйіне аударуға ниетті болғанын оның заңгері Мейірман Шекеев жеткізді.
- Бұл – қылмыспен келген ақша. Егер ол түссе, мен азамат ретінде оны мұқтаж балаларға жіберемін, – деген екен Қаржаубай Нұрымов.
МОРАЛЬДЫҚ ӨТЕМАҚЫ
Айта кетейік, Шерзат Полаттың жақындарының моральдық өтемақы бойынша азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылған болатын. Жалпы Шерзаттың отбасына сотталушылардан 120 миллион теңгедей өтемақы төленеді.
Сотталғандарға азаматтық талапты орындауға екі ай мерзім берілді.