Астанада автобус қағып кеткен 12 жастағы Алуа Бекеннің отбасына 19 миллион 660 мың теңге көлемінде сақтандыру өтемақысы төленді. Бұл туралы сақтандыру компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Өтемақы жолаушылар алдындағы тасымалдаушының міндетті сақтандыруы аясында берілген.
Сақтандыру компаниясының мәлімдеуінше, Алуа ұзақ мерзімді ем мен оңалтуды қажет етеді, әрі кейін протез салу жоспарланып отыр. Осыны ескере отырып, қосымша құжаттар – оның ішінде мүгедектік туралы анықтама – толық жиналмағанына қарамастан, компания өтемақыны толық көлемде төлеу туралы шешім қабылдаған.
Сақтандыру компаниясы заң бойынша жол-көлік оқиғасы салдарынан бала мүгедек болған жағдайда 5 000 АЕК мөлшерінде, яғни 19,66 млн теңге өтемақы қарастырылғанын атап өтті.
Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедектік анықтамасын алу үшін азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуі керек. Бұл процесс біраз уақыт алады. Сол себепті барлық қажетті құжаттар түсіп отырған тәртіппен сақтандыру ісіне тіркелетін болады.
Компания өкілдері хабарлағандай, жол апатынан кейін сақтандыру компаниясы арнайы жедел желі ұйымдастырып, оған апат кезінде зардап шеккен жолаушылар немесе олардың заңды өкілдері хабарласқан. Барлық сұрақ бойынша кеңестер беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтемақы алу тәртібі түсіндірілген.
ӘКІМДІКТІҢ КӨМЕГІ
Еске салайық, бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Алуаның отбасына өзі бармауын түсіндіріп, әкімдік тарапынан қандай көмек берілетінін айтқан болатын.
ЖОЛ АПАТЫ
Астанадағы Республика даңғылында автобус ақпараттық тақта тіреуіне соғылып, жол апаты қоғамда үлкен резонанс туғызды. 15 жолаушы зардап шегіп, үшеуі ауыр хәлде ауруханаға түсті. Ең қатты зардап шеккен 8 жастағы қыз екі аяғынан айырылған. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі қамауға алынды. Дей тұрғанмен бұл апатқа қатысты маңызды бір жайт – әкімдіктің жанама жауапкершілігі болуы мүмкін деген мәселе көптің назарынан тыс қалып барады. Ulysmedia.kz осы жағдайды тереңірек зерттеп көрген еді.