Қаржаубай Нұрымовтың отбасына жүйелі түрде қысым көрсетіп, тыныштығын бұзған азамат заң алдында жауап береді. Ол әлеуметтік желілерде "Доктор" деген лақап атпен танылған. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев Instagram-дағы парақшасында айтты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Адвокаттың айтуынша, “Доктор” лақап атымен танылған азамат Қаржаубай Нұрымовтың отбасын ұзақ уақыт бойы аңдып, түрлі арандатушылық әрекеттер жасаған. Сот отырысында адвокат Мейірман Шекеев бірнеше нақты талап қойды.
– Жауапкер Әбдірахман Бауыржанды сот шешімі заңды күшіне енген соң бес күн ішінде TikTok әлеуметтік желісінде Қаржаубай Полатұлынан ресми түрде кешірім сұрап, теріске шығаруды және бұл кешірім видеосын өз парақшаларында – maskarad778 және басқа да аккаунттарында кемінде 30 күн бойы ашық жариялап қоюға міндеттеуді сұраймыз, – деді адвокат.
Судья сотта жауапкерден кінәсін мойындайтынын не мойындамайтынын нақтылауды сұрағанда, Әбдірахман Бауыржан:
– Айтқанымды мойындаймын, – деп жауап берді.
Одан кейін судья тараптарды медиация жолымен татуласуға бола ма деп сұраған сәтте, адвокат қарсы тараптан тікелей сұрақ қойды:
– Қаржаубайдың отбасын не себепті аңдып жүрсіз? – деген сұраққа жауапкер былай деп түсініктеме берді:
– Қазақстан азаматы, қазақ болған соң, ол жерде болған істі көріп, ашуланып, соның бәрін істедім. (...) Бұл – менің азаматтық позициям. Мен оны батыр қылуға жол бермеймін, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушылардан түсетін моральдық өтемақының ақшасын балалар үйіне беретінін айтқан еді.