Адвокат Мейірман Шекеев 16 жастағы Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты "хуторлықтар" ұрып, ауруханаға түсті деген ақпаратқа қатысты жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ
Шекеевтің сөзінше, бұл – жалған ақпарат.
- Қазіргі таңда әлеуметтік желіде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар тарап жатыр. Бәрі дұрыс. Ешкім оған зиян келтірген емес. Сондықтан мұндай ақпараттарға сене бермеңіздер. Сонымен қатар, отбасына қатысты жалған ақпараттар тарап жатыр. Ол бойынша да түсініктеме беретін боламыз, дейді Мейірман Шекеев.
«ХУТОР БАНДАСЫ»
Еске салайық, Шерзат ісіне байланысты сот отырысының біріндегі жауап алу кезінде сотталушы Нұрқияс Ілиясов «Хутор бандасы» туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Жәбірленуші тарап қорғаушылары одан Instagram парақшасындағы автомат пен «Хутор» деген жазу бейнеленген сурет туралы сұрады.
Адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, Нұрқияс Ілиясовқа тиесілі nurkias1998.08 парақшасында 2016 жылы 23 маусымда фото жарияланған. Онда Калашников автоматы мен оқтардан «Хутор» деген жазу бейнеленген. Нұрқияс Ілиясов Хутор бандасы туралы сұраққа да, өзінің бұған дейін сотқа тартылғаны туралы сұрақтарға да жауап беруден бас тартты.
ШЕРЗАТТЫҢ ӘКЕСІ НЕ ДЕДІ
Бұған дейінгі сот отырысында марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың оқиға болған күні «Бізді танымайсың ба? Біз Хуторскийдің жігіттерміз» деп айтты деген. Бірақ оның бұл сөзін осыған дейін сотта жауап берген сотталушылардың барлығы жоққа шығарған. Олар «Хутор бандасы» туралы ешқандай сөз айтылған жоқ деген.