Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазіргі уақытта Израиль мен Иранда қанша қазақстандық азамат бар екені туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РЕСМИ МӘЛІМЕТ
СІМ өкілі Қазақстанның елшілігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
- Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Иранда 132, ал Израильде 219 Қазақстан азаматы бар. Дипломаттар олармен тұрақты түрде байланыста. Иран мен Израиль аумағындағы Қазақстан азаматтарына тұрғылықты мекенінен шықпауға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және жергілікті биліктің нұсқауларын ұстануға кеңес береміз, – деді Айбек Смадияров.
ЭВАКУАЦИЯ
Айбек Смадияровтың сөзінше, 14 маусымда Иранда іссапарда жүрген 6 Қазақстан азаматына Әзербайжан арқылы елге оралуға жәрдем берілді.
- Ал 15 маусымда Ираннан Түрікменстанға Қазақстанның 68 азаматы, соның ішінде дипломаттардың отбасы мүшелері, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының хатшылығының қызметкерлері және іссапармен барған өзге азаматтар эвакуацияланды.
Қазақстанның Ирандағы шетелдегі мекемелерінің қызметкерлері қалыпты режимде жұмыс істеуде. Рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты шамамен 300 азаматымыздың елден шығуы қиындап тұр, олардың басым бөлігі – туристер. Жақын арада олардың жартысынан астамы елге оралады деп күтілуде, – деді ол.
ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕДІ
СІМ мәліметінше, 14 маусымда жарияланған ресми мәлімдемеде жағдайдың ушығуына байланысты ұшуға тыйым салынатыны туралы ескертілген.
- Соған қарамастан, соңғы екі күнде Қазақстаннан БАӘ бағытына ұшақтар толық жүктемемен ұшып шықты. Қауіп-қатерлерді тағы бір рет бағамдап, шешімді саналы түрде қабылдауға шақырамыз, – деді СІМ өкілі.
ҚАЗА ТАПҚАНДАР БАР МА
- Абырой болғанда, Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарының арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – деп мәлімдеді Айбек Смадияров.