×
511.92
588.91
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.92
588.91
6.44

Министрлікті сотқа берген қаңтаршы ісінде жарыссөз аяқталды

Министрлікті сотқа берген қаңтаршы ісінде жарыссөз аяқталды
ulysmedia коллажы

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы «президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады» деп айыпталып, 1 жыл 8 айға сотталған Қосай Маханбаевтың қаржы министрлігінің үстінен түсірген шағымы бойынша апелляциялық сотында жарыссөз басталды. Істі Қарағандының Бұқар жырау аудандық соты қарап жатыр, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Қосай Маханбаев қаржы министрлігінің үстінен шағым түсіруіне қамаудан дер кезінде босатылмауы себеп болған. Қорғау тарапының сөзінше, үкімде көрсетілген мерзімнен 2 ай 9 күн артық отырған. Маханбаевты бірінші сатыдағы сот 1 жыл 9 айға соттаған. Ал апелляциялық сот жазаны бір айға қысқартып, 1 жыл 8 ай жаза кескен.

ӨТЕМАҚЫ ТАЛАП КЕТУГЕ ЗАҢ БОЙЫНША ТОЛЫҚ НЕГІЗ БАР

Іс бойынша 16 маусымда сот жарыссөзі өтті. Адвокат Айнара Айдарханова қамауда отыру Маханбаевтың денсаулығына кері әскер еткенін алға тартты. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде оны ауруханада оқ жарақатына ота жасалғанына қарамастан, арнайы жасақ күштеп алып кеткенін айтты.

 Маханбаевтың өтемақы талап етуіне заң бойынша толық негізі бар деп есептейміз. Біздің тарапымыздан барлық дәлелдер ұсынылды. Бұған қоса, барлық сот шығындарын талап етілген сомманың он пайызынан өндіріп алуды, жауапты қаржы министрлігінен Қосай Маханбаевтың пайдасына 50 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұраймыз, – деді ол.

«ЕШҚАНДАЙ АҚША МЕНІҢ КӨРГЕНІМДІ ӨТЕЙ АЛМАЙДЫ»

Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторында азапталғанын, осыған қарамастан, «президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады» деген айыппен қайтадан қамауға алынған уақытында дәл сол изоляторға қамалғанын айтты. Ол мұны моральдық қысым жасау деп бағалады. Сөзінше, өзін азаптаған камераға қайтадан қамау ешқандай қисынға келмейді.

 Білесіздер ме, ешқандай ақша менің көргенімді өтей алмайды. Өз тарапымнан айтқым келеді, мемлекеттік органдар осыдан әрі бұндай іс-әрекетті ешкімге қайталамаса екен. Себебі бумеранг эффектісі бар. Соны білгендері дұрыс. Біздің көргенімізді ешкім басына бермесін, – деді Маханбаев.

ШАҒЫМҒА ҚАРСЫЛЫҚ

Қаржы министрлігінің өкілі қарсылық білдірді. Ол Маханбаевқа өтемақы төлеуге заңдық негіз жоғын, оның сот үкімімен кінәлі деп танылғанын айтты. Прокурор министрлік өкілін қолдай сөйледі. Ол да Маханбаевтың өтемақы бойынша шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

СОТ ІСІ ЖӘНЕ САЙЛАУ

Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған. Оны полиция ауруханада жатқан жерінен алып кеткен. Оған дүрбелең кезінде оқ тиген. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқан.

2023 жылы Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Бірақ прокуратура шағым түсіріп, Алматының сайлау комиссиясы оны сайлаудан шеттеткен. Аумақтық сайлау комиссиясы бұны «тергеуге қысым жасаудан сақтану» деп түсіндірген. Сол кезде Маханбаев «президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады» деген айыппен істі болып жатқан.

Қосай Маханбаевтан өзге бұл іс бойынша 10 адам сотталған. Оларға Қаңтар оқиғасы кезінде  «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді», «билік өкіліне күш қолданды», «әскери қызметкерді кепілге алды» деген айыптар тағылған. Сотталушылардың барлығы тергеу изоляторында азапталғандарын айтқан.  

Серіктес жаңалықтары