Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді күштеп әскерге алып кету мәселесіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕДІ
Министрдің сөзінше, жоғары оқу орындарының оқуға қабылдау мерзімі мен қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру мерзімі сәйкес келмейді. Салдарынан оқуға түскен студенттерді әскерге алып кету жағдайлары болған. Саясат Нұрбек қорғаныс министрлігінің іс-әрекеті заңды деп есептейді.
– Мына Назарбаев университетінің көрінісі олар шешімді шілдеде, тамызда жариялайды. Студент болып қабылдағанын. Ол студент статусына ілінбегендіктен әскерге алып кетуге құқылы негізінде қорғаныс министрлігі. Сондықтан біз қазір ұсыныс жасадық. Сол қорғаныс министрлігімен келісіп, мерзімдерді сәйкестендіру үшін, – деді Саясат Нұрбек.
ӘСКЕРГЕ КҮШПЕН АЛЫП КЕТУ ЖӘНЕ МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
Бұған дейін Назарбаев университетінің студенті Нұрсұлтан Табынбайды әскерге күштеп алып кеткені дау болған. Оны әскери комиссариат ешқандай ескертпестен алып кеткен. Туыстары бірнеше күн бойы оның қайда кеткенін білмеген.
Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру кезінде мәжбүрлеп жеткізу барын жоққа шығармайды. Министрлік оны қалыпты жағдайға балаған.
– Көбінесе бұл көптеген азаматтардың тіркелген жерінде тұрмауы немесе нақты мекенжайы бойынша тіркелмеуі салдарынан болады. Шақыру қағазын өз бетінше тапсыру мүмкін болмаған жағдайда әскерге шақырылушының келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. Сонымен қатар кей азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатыр. Бұл оларды әскерге шақыру учаскесіне мәжбүрлеп жеткізуге әкеп соғады", – делінген даулы оқиғадан кейін министрлік таратқан хабарламада.
Дәл осындай жағдай 16 маусымда Қостанай қаласында да болған. Әскери комиссариат студенттерді емтихан тапсыра салып алып кеткен.