Қостанай облысында әйел адамды үй мысығы тістеп, құтырма дертінен көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қостанай облысының Қамысты ауданында тұратын әйел адам құтырма белгілерімен Лисаков қалалық ауруханасына жеткізілген. Бұл - 2020 жылдан бері облыста тіркелген алғашқы адам өліміне әкелген құтырма жағдайы.
ЭПИДТЕРГЕУ
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауржан Баймұхаметовтің “Новая газета” басылымына берген мәліметіне сәйкес, оқиға 2025 жылғы мамырда Лисаков қаласында тіркелген.
- Эпидемиологиялық тергеу барысында әйелді үй мысығы тістегені, жануардың көп ұзамай жоғалып кеткені анықталды. Жәбірленуші жарақат алғаннан кейін дәрігерге бірден жүгінбеген, вакцина салдырмаған. Медициналық көмек тек құтырманың клиникалық белгілері байқалған кезде ғана алынған, - деді ол.
ҚҰТЫРМА
Құтырма - вирусты, зоонозды, табиғи-ошақты және антропургиялық инфекциялық ауру. Ауру қоздырғышы байланыс арқылы жұғады, инкубациялық кезеңі ұзақ, орталық жүйке жүйесін зақымдайды және әрдайым өлімге алып келеді. Мамандардың айтуынша, құтырма негізінен үй жануарларынан жұғады, ал олар бұл дертті ауырған туыстарынан немесе жабайы жануарлардан тістелгеннен кейін жұқтырады. Адамға вирус тек тістеу арқылы ғана емес, сонымен қатар жануардың сілекейі терідегі жара немесе тырналған жерге түскенде де берілуі мүмкін.
ВАКЦИНА
Құтырмаға қарсы антирабиялық вакцина - бұл дерттен қорғанудың жалғыз және тиімді жолы. Уақытында вакцина салынбаса, вирус адамның орталық жүйке жүйесіне орны толмас зиян келтіреді. Мамандар жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгініп, вакцина салдыру қажеттігін ескертеді.