Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи жасаған мәлімдемеде АҚШ Израильмен қақтығысқа араласса міндетті түрде жауаптың болатыны және бұл жауап орны толмас зиян келтіретіні жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды «толық берілуге» шақырғаннан кейін Иран мемлекеттік телеарнасы елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи жариялаған мәлімдемені оқып берді. BBC-дің жазуынша, “егер қақтығысқа АҚШ әскери тұрғыда араласса, Иран соған лайықты, қатаң жауап беретіні” айтылған.
АҚШ қақтығысқа әскери тұрғыда араласса, оған сөзсіз жауап беріледі. Ол жауап орны толмас залалға әкеледі. Иранды, оның халқын және тарихын білетін ақыл-парасатты адамдар бұл ұлтпен ешқашан қоқан-лоққы тілінде сөйлеспейді. Себебі ирандықтар – ешқашан тізе бүкпейтін халық, – делінген Хаменеи мәлімдемесінде.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды реттеу үшін Тегеран ядролық қару жасау мүмкіндігінен толықтай бас тартуы қажет екенін мәлімдеген еді.