2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы алшақтық рекорд шегіне - 14 миллиард долларға жетті. Ulysmedia.kz бұл жағдайда "кедендік мафияның” бар екенінің белгісі емес пе деп қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінен сұрады.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сіләмов біздің сұрағымызға жауап бере отырып, кеден статистикасындағы алшақтық тек әдіснамалық мәселе екенін баса айтты.
Біздің кеден шекараларымызда «мафия» жоқ, – деп сендірді ол.
Алайда Алматы және Жамбыл облыстарының шекара маңындағы ауылдарының тұрғындары бірнеше жыл бойы Қазақстан-Қытай кеденін бейресми түрде Болат Назарбаев басқарып келгенін айтып жүр. Оның өзі бірақ 2023 жылы қайтыс болған.
Кеденді немесе мемлекеттік шекараны “ұстау” дегенді қалай түсінуге болады? Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік шекара – бұл ерекше режимдегі стратегиялық нысан. Онда кеден органдарынан бөлек, шекара қызметі де жұмыс істейді. Бұл аумақ әрдайым шекарада тұрған қызметтермен қатар, қоғамның да жіті бақылауында болады. Сондықтан біз мұндай фактілерді ешқашан байқаған емеспіз, – деді Сіләмов.
Біздің редакцияның тілшісі мемлекеттік кірістер комитетінің өкіліне 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеденде «қол тигізуге болмайтын уәкілетті операторлар» барын айтқанын еске салды. Демек, мұндай фактілер болған.
Қазіргі таңда ондай жағдайлар байқалып отырған жоқ, – деп тағы да сендірді Бақытжан Слямов.
КОНТЕКСТ
2024 жылы Қазақстан мен Қытайдың кеден статистикасындағы айырмашылық екі жыл қатарынан төмендегеннен кейін күрт өсіп кетті. Ашық деректерге сәйкес, Қытай кеденшілері тіркеген тауар көлемінен Қазақстан шекарасы арқылы өткен тауар көлемі 14 миллиард долларға аз болған. Қаржы министрлігі бұл айырмашылықты жүктерді есепке алудың әртүрлі тәсілдерімен түсіндіріп, мұнда қандай да бір қылмыстық элементтің барын жоққа шығарады. Дегенмен, кезінде кедендегі заңсыздықтар Қазақстан тарихындағы ең ауқымды тергеулердің біріне себеп болған еді. «Қорғам ісінің» елдегі саяси күн тәртібіндегі салдары әлі де сезіліп отыр.